Отандық дәрігерлер сүйегі сынғыш балаларды емдеуге кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрігерлер сүйегі сынғыш балаларды емдеуге кірісті

18.07.2019

Отандық дәрігерлер «хрусталь балалар» деп аталып кеткен сүйегі сынғыш балаларды емдеуге кірісті. Бұл күрделі жұмысты орындау үшін олар екі жыл бойы дайындалған. Әзірге бес балаға ем шаралары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Қазақстанда тіркелген осындай 54 науқас балаға түгелдей көмек көрсету жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта олар шетелдерге барып емделуге мәжбүр. «Егер Үкіметтен көмек болса, остеогенез дертіне шалдыққан науқас балғындардың бәрін өз елімізде емдеуге мүмкіндік туар еді»,- дейді дәрігерлер.

Бір жарым жасар Аймира Шымкенттен Елордаға ем алу үшін келді. Сирек кездесетін дертке шалдыққан сәбилерінің болашағы үшін отбасы алаңдайды. Ата-анасымен бірге әжесі де ере келіпті. «Баламыз аяғынан тұрып кетсе одан артық ештеңенің қажеті жоқ»,- дейді олар.

 

Нәзира Есманова, Аймираның әжесі:

Бала туғаннан кейін емдейміз. Қырқынан шыққанша массаж жасаймыз ғой. Сөйтіп массаж жасап жатқан кезімде аяғы бырт ете қалды. Шошып не болды екен деп... Перзентханадан шыққанына 14 күн болған кезі. Мен істедім екен деп жаным қалмады енді. Өзімді әбден кінәлап, сосын кейін анализдер тапсырды, кейін белгілі болды осы ауруы...

 

Қазір дәрігерлер аймақтан келген бес балаға сүйегін қатайтатын дәрі құйып жатыр. «Нәтижеге қол жеткізу үшін ем тоқтап қалмау керек. Әр 3-4 ай сайын ем қабылдау шарт. Сонда ғана белгіленген нәтижеге қол жеткіземіз»,- дейді мамандар.   

 

Болат Досанов, №2 Балалар ауруханасының ортопед дәрігері:

 Бұл науқастар екі этаппен емделеді. Бірінші сүйекті қатайту керек. Темірді салу үшін сүйек қатты болу керек. Егер сүйекті қатайтпай темір салсақ, темір шығып кетеді. Сондықтан бұл балалар 4-5 курс алады. Анализін көреміз, сүйегіне рентген жасаймыз. Егер сүйек қатты болып тұрса, сол кезде оперативті емге көшеміз.

 

Алайда бұл да әзірге сұрақ күйінде тұр. Себебі мемлекеттік тапсырыс аясында мұндай операциялар үшін қаражат қарастырылмаған.  

 

Болат Досанов, №2 Балалар ауруханасының ортопед дәрігері:

 Ең бірінші соларға препарат керек.  Екінші мәселе темір құралдарын шетелден әкеліп енгізу. Бұл құрал внутрикостный эндопротез деп аталады. Мұны мемлекеттік «закупқа» салып, ДСМ арқылы осы темірлерді енгізу қажет боп тұр. Емдеуге дайынбыз.

 

Аймираның отбасы болса осы көмектен үмітті. Оған қоса  әр аймақтан «хрусталь балаларға» ем көрсететін бөлімдер ашылса екен деген тілектері де бар.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу