Шығыс Қазақстанның аудандары жас медицина мамандарымен толығуда. Бұл - «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстың нәтижесі. Мәселен, Глубоке ауданында жас маманға жағдай жасау арқылы өңірдегі медицина мекемелерінде кадр тапшылығы жойылды. Аудандағы орталық аурухананың дәрігерлері күні кеше ғана жүкті әйелге операция жасап, өзін де, баласын да ажалдан аман алып қалды.
Анастасия Хаустованың 2-ші балаға аяғы ауыр. Ол Глубокое ауданындағы орталық ауруханаға осыдан екі күн бұрын түскен. Жергілікті дәрігерлер оған өткір соқырішек деген диягноз қойып, өздері дереу операция жасаған.
Анастасия Хаустова, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- Мен бұл жерге шұғыл жағдайда түстім. Жедел түрде анализдерді алып, нәтижесі шыққан соң, бірден операцияға жіберді. Операция жылдам өтті. Қазір жағдайымыз жақсы. Дәрігерлер өте кәсіби жұмыс істеді деп айтқым келеді.
Медицинадағы статистика бойынша, аппендецит 800 аяғы ауыр әйелдің біреуінде ғана кездеседі. Жүктілікке байланысты соқыршекті анықтау және науқасқа медициналық көмек көрсету оңай емес. Ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрғанда операцияны сәтті жасап шыққан жас дәрігердің бірі - Біржан Теміршинов.
Біржан Теміршинов, хирург:
- Бұл операция жүкті әйелдерде өте сирек кездеседі. Жылына 1-2 рет болуы мүмкін. Осындағы дәрігерлердің санаты жоғары болғандықтан, ешкім ол кісіні ешқайда жібермей, өзіміз осы ауруханада операция жасадық.
Жас келсе іске. Біржан Теміршіновтың Глубокое ауданында жұмыс істегеніне 2 жыл ғана болған. Жалпы, жас маман үшін еңбек жолын ауыл, ауданнан бастау - тәжірибе жинап, кәсіби шеберлікті шыңдауға үлкен мүмкіндік.
Жалпы, соңғы жылдары бұл өңірге 35 жас дәрігер мен 70 медбике келген.
Қайрат Беделманов, Глубокое аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:
- 105 жас дәрігер мен медбикелер «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келіп, барлығы пәтерлерін алды. Қазір тиянақты жұмыс істеп жатыр. Ақырғы 3 жылдың ішінде 78 дәрігеріміз біліктілігін арттырып, басқа қалаларда, жақын шет елдерде білімдерін шыңдап келді.
Біліктілікті арттырудың арқасында аудандағы жас дәрігерлер тапшы болған 16 жаңа медициналық мамандықты да қоса меңгеріп алды. Осының арқасында денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы жоқ.
Берік КӨШЕРБАЙ