Қазақстанда емделмейтін ауруға душар болған 100 бала шетелге жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда емделмейтін ауруға душар болған 100 бала шетелге жіберіледі

24.05.2019

Сал ауруына шалдыққан 1500 балаға оңалту шаралары жүргізіледі. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тұрмысы нашар, көпбалалы немесе қиын жағдайға душар болған жанұяларға, қарттар мен мүгедектерге, ардагерлер мен кәмелетке толмаған балалар мен жастарға қолайлы жағдай қалыптастыруды көздейді. Меморандумда шалғайдағы елді мекендерде тұратын 60 000 адамға медициналық көмек көрсету қарастырылған.

Мұнан басқа, аула клубтарын жетілдіру жалғасады. Ауылдық 600 бала Қазақстанды аралайды. ІІ Дүниежүзілік соғыстың 1400 ардагері мен тыл еңбеккерлері теміржолмен тегін жүреді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің интеллектуалдық, шығармашылық немесе спорт сайыстарына баруы үшін жол шығындарын көтеру де жоспарланған.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының мәселелері, атап айтқанда, көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамту – мемлекет пен бизнестің бірлесіп шешуін талап ететін өткір тақырып.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу