Бүгін – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні

02.04.2019

Қазақстанда бұл дертке шалдыққандардың саны 4 мыңнан асады. Өкініштісі сол, олардың саны жыл сайын шамамен 13 пайызға артып келеді. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Twitter-дегі парақшасында мұндай балалардың біздің қоғамға толықтай бейімделуіне көңіл бөлу қажеттілігін жазды. Мемлекет басшысы аутист балалардың арасында қабілеттілері көп екенін айтып, оларды қолдап жүрген үкіметтік емес ұйымдарға ризашылығын білдірді.

Мына суреттерге қарап, фотомодельдің аутизммен ауыратынын бірден аңғару қиын. Балақайдың есімі – Әлихан, 13 жаста. Әдетте, аутизмге шалдыққандарды «ерекше балалар» деп жатады. Әлиханның ерекшелігі – өзіне бағытталған фотоаппарат пен камераны сезе білуінде. Ол түскен суреттер жарнама беттеріне жарыса жарияланады.

Зарина Дәндібаева, Әлиханның анасы:

- Баламның фотокамераға деген қызығушылығын кішкентай кезден байқадым. Аутизммен ауыратын балалардың әрқайсының өзіндік қабілеті болады. Оларды аша білу керек. Алдағы уақытта ұлымның сурет салу шеберлігін де дамытқым келеді.

Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай бас қалада 100 аутист бала мен олардың ата-анасы спартакиадаға қатысты. Шараның мақсаты - ерекше балаларды ортаға бейімдеп, инклюзивті қоғам саясатын насихаттау.

Ақтауда да сырқаттанған балаларды қолдау шарасы ұйымдастырылды. Бүгінде Маңғыстауда 200-ден астам аутист бала бар. Олардың көбі арнайы мамандардың көмегімен үйде білім алады.

Аутистер Алматы облысында да аз емес. Талдықорғанда құрылған «Басқа өмір» атты қоғамдық ұйымда 60-тан астам баланың ата-аналары топтасып өз мәселелерін шешуге дағдыланған. Бүгін олар да Оқушылар сарайында бас қосып, талантты балаларының өнерін қалың жұртқа паш етті. Ресми емес мәлімет бойынша Жетісу жерінде аутизмге шалдыққандар саны 100-ден асады.

Көптеген ата-ана аутизмге дерт деп қарамауды үйренген. Керісінше, баланы қоғамға бейімдеп, бойындағы қабілетін ашуға жағдай туғызып отыр.

Статистикаға сүйенсек, әлемде әр 60-шы бала аутист болып дүниеге келеді. Қыз балаларға қарағанда, ұлдар бұл дертке 5 есе көп шалдығады екен. Сол себепті де, көк түс аутистік ұйымдардың түсі болып есептеледі.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу