Бізде қазір өзіміздің отандық дәрігерлерге сенбей, шетел клиникаларына баруға ұмтылатындар көп. Бірақ, кей жағдайларда мүлдем керісінше болып жатады. Сондай бір оқиға жақында болды. Қазақстандық азамат шетелдік дәрігерлердің емінен кейін мүгедек болып қала жаздаған. Қыруар қаржы төлеп, басқа мемлекетте емдей алмаған науқасты отандық дәрігерлер аяғына тұрғызды. Біраз жылдан бері Таиландта тұрып жатқан Александр Занозин есімді азаматқа Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында өте күрделі операция жасалды.
Александр Занозин елге ауыр халде жеткізілді. Жүріп-тұрудан мүлдем қалған, аяқ-қолы қимылсыз. Тайландта баласын оқытып жүрген кезінде оның денсаулығы сыр берген. Бірнеше ауруханада қаралғанмен, ешбірі нақты диагноз қоя алмапты. Есесіне, ақшаны еселеп төлеткен. Емханада ем-домынан бөлек, тек жатқаны үшін ғана тәулігіне 400 мың теңгеден төлеуге тура келіпті.
Александр Занозин, емделуші:
- Маған ауырғанды сездірмейді деп есірткі еге берді. Бастапқыда әр 8 сағат сайын, кейіннен 3 сағат сайын салып отырды. Бірақ, еш көмегі болмады, арқам ауырғанда өзімді қоярға жер таппадым.
Соңында науқастың отбасы емхана талап еткен үлкен соманы төлеу үшін пәтерлерін сатуға мәжбүр болған. Алайда, қыруар қаржы төлегендерімен, тайландтық дәрігерлер дертке дауа таппады. Инфекция түсті, кейін бүйрегі, бауыры, одан соң асқазаны деген. Шетелде шипа болмасын білген науқастың отбасы отандық медицинаға үміт артады. Санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілген 59 жастағы Александр Занозиннің омыртқасына операция жасалды. 12 сағат бойы. Бұл біздің нейрохиругтер үшін де өте сирек ота. Зақымданған 3 омыртқасын қатырынан алып тастап, орнына жасанды имплант қойды.
Талғат Керімбаев, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі, нейрохирург:
- Омыртқа алынғаннан кейін түгел алынады. Қиындығы - үлкен тамырлар өтеді. Аорта дейміз, жүрек өтеді. Өкпе бар. Жабысып қалады. Ажырату қиын. Омыртқасы қабыну болған кезде омыртқа деформацияға келеді. Дефоррмация дегеніміз - омыртқа қисайып кетеді де, омыртқа қисайғаннан кейін жұлынды қысып тастайды. Содан кейін біз жұлынды босаттық. Омыртқасын орнына қойдық.
Жарты жыл төсекке таңылған науқасты отандық дәрігерлер осылайша жеті күнде аяғынан тұрғызды.
Любовь Лемешевская, А.Занозинның жұбайы:
- Өзімізде емделуге болса да, шетелге баратындарды мен түсінбеймін. Шетелде саған науқас деп емес, ақша толы сөмке ретінде қарайды. Біздің жағдайымызда осындай болды. Ақшаны алып алғанша толық емдейміз деп уәдені үйіп-төкті. Кейін денсаулығы күрт нашарлай бастаған соң, қайтыс болғанда денесін өртеуге келісемін деген құжатқа қол қойып бер деді. Ал қазақстандық дәрігерлерге көп рахмет. Жанын аман-есен алып қалды. Әрі бәрін тегін жасады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде медицина кәсіпке айналған. Шетелдік емханалардың көбі науқасқа ем табудан гөрі, ақша табуды көздейді. Ал қазақ медицинасы - бизнес емес. Тайландтықтар өлдіге теңеген азаматты теңгесіз-ақ «тірілтіп алды». Алайда, мамандардың айтуынша, қит етсе шетелге жүгіретін қазақстандықтардың саны азаяр емес.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ