БҚО-дағы онкологиялық диспансерде науқастарды есептен шығарылған құрылғылармен емдеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-дағы онкологиялық диспансерде науқастарды есептен шығарылған құрылғылармен емдеген

04.03.2019

Облыстық онкологиялық диспансерде 2011 жылы «Clinac 600C» қондырғысы сатып алынады. Төрт жылдан кейін оған қосымша коллиматор жабдығы орнатылады. Аппарат сәулені сау органдарды зақымдамай, нақты обыр ұлпасына бағыттауға көмектеседі. Бірақ қондырғының жаңа емес, ескі екенін бірден білу мүмкін болмапты. Тек былтыр ғана коллиматордың АҚШ-та қолданылып, 2015 жылы есептен шығарылғаны анықталды.

«Екі жылда бұл қондырғымен 800-ге жуық науқас емделген. Бірақ ауруларға зиян келген жоқ»,- дейді дәрігерлер. Қазір құны 1 млрд теңгеден асатын қымбат қондырғы сынып, тоқтап тұр. Науқастар көрші аймаққа баруға мәжбүр. Осыған орай алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шықты.

Ерлан Тоқсанов, облыстық онкологиялық диспансер директоры:

- Көрсеткіштер бойынша ауытқу 5 пайызға дейін қалыпты болып есептеледі. Бірақ ауытқу біздің аппаратымызда 0,3 пайыз қана. Сондықтан бұл тексеріс бойынша радиациялық сәулелердің адам ағзасына зияны тиген жоқ.

Гүлнәр Ғимадутдинова, қалалық соттың судьясы:

- Сот үкімімен мемлекет қаржысын жымқырған «Квант-Семей» ЖШС директоры Ерлан Бейсембаев алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келтірген 199,5 млн теңге шығынды өтейді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу