Алматыдағы жалғыз мемлекеттік тіс емханасы жекеменшікке сатылып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жалғыз мемлекеттік тіс емханасы жекеменшікке сатылып кетті

05.02.2019

Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жекеменшік емдеу мекемелерінің де үлесі бар екені сөзсіз. Дегенмен, олардың қызметіне қатысты біраз азамат күдікпен қарайтыны да жасырын емес. Осы орайда Алматыдағы жалғыз мемлекеттік тіс емханасының жекеменшікке сатылып кетуі түрлі пікірлер туғызып отыр. Қалалық балалар стоматологиялық емханасы өткен жылы 14 қарашада жекенің қолына өтіп кетіпті. «Қазірде ақылы қызмет көрсетуге көшкен емханаға баламыздың тісін көрсетуден қалдық», - дейді тұрғындар.

Жұмагүл Жолдасбаева балалар стоматологиялық емханасына үмітпен келіп, күдікпен кетіп барады. Қамкөңіл ана кенжесінің тісі ауырғанда жанын қоярға жер таппаған.

Жұмагүл Жолдасбаева, қала тұрғыны:

- Пәтерақың бар, тамағың бар. Тіс емдетуге қаражат керек. Өте қиын. Халықтың жағдайын ойлау керек. Билік өкілдеріне айтатын менің бір өтінішім, жеңілдіктер берілсе екен.

Мұнда қазір 150 адам қызмет етеді. Оның 46-сы - тіс дәрігері. Олар жекешеленген емхананың жұмысынан әзірге ешқандай өзгеріс байқамаған.

Раушан Қозыбекова, балалар стоматологиялық емханасының меңгерушісі:

- Жаңа акционерлер сатып алғалы бері біз ешкімді жұмыстан шығарып жатқан жоқпыз. Өз еркімен кетіп жатқан дәрігер де бар, мейірбикелер де бар. Бәрі жалақымыз аз дейді.

15 жасқа дейінгі балаларды тегін емдеп келген емхананы 621 млн теңгеге сатып алған кәсіпкердің аты-жөнін қалалық қаржы басқармасы құпия ұстап отыр. Ал, Қазақстан стоматологтар қауымдастығы емхананы жекешелендіруге түбегейлі қарсы.

Назымбек Тұрғанова, Қазақстан стоматологтары қауымдастығының президенті:

- Жалпы, ел көлеміндегі статистикалық есепті жоғалтамыз. Екіншіден, балалар стаматологы мен ортодонт мамандарынан айырыламыз. Үшінші, диспансерлік тізімде тұрған балаларды жүйелі емдеудің тәртібі бұзылады. Ақшасын салған инвестор ақылы қызметке көп көңіл бөліп, тегін емделушілерді қысқартады. Себебі, ол салған қаржысын тез арада қайтару керек.

Ауыра қалса балаларын осында алып жүгіретін ата-аналардың да бұл жаңалықты естігеннен бері көңілдері күпті. Күніне 500 баланы емдейтін орталыққа келушілердің қатары кейінгі бір-екі айда сиреп, ұжымының да берекесі қаша бастаған. Өйткені қызмет көрсету бағасы қымбаттағанымен, емдеу сапасы төмен. Амалы таусылған көпшілік ақылы болса да, жаппай жеке клиникаларды жағалауға мәжбүр. Сондықтан жұрт мегаполистегі жалғыз мемлекеттік емхананы жекешелендірмеуді талап етіп отыр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу