Атырау облысының Құрманғазы ауданында білікті дәрігерлер жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының Құрманғазы ауданында білікті дәрігерлер жетіспейді

22.01.2019

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының жұрты білікті дәрігерлерге мұқтаж. Онколог, неонатолог, гастроэнтеролог, реаниматор сынды мамандар жеткіліксіз. Мәселен, екі ауылға, яғни, 7 мың тұрғынға бір дәрігер қызмет көрсетеді. Маман тапшылығынан дертіне дауа іздегендер облыс орталығына болмаса Ресей асуға мәжбүр.

Жандос Темірғали, тілші:

Дәрігерге мұқтаж елді мекеннің бірі - Хиуаз ауылы. Мұндағы 4 мыңға жуық xалыққа көрші ауылдағы маман көмек көрсетеді. Амалдың жоқтығынан жалғыз дәрігер бас-аяғы 7 мың тұрғынның денсаулығын бақылап жүр.

Айжан Сатбергенованың шалғай ауылда қызмет етіп жүргеніне жылдан асты. Жас маман күніне 60-тан астам тұрғынға ем-дом көрсетеді. Шақыртудың бәрін қамтып үлгеру мүмкін емес. Бұл медициналық қызметтің сапасын нашарлатып отыр.

Айжан Сатбергенова, терапевт:

- Кейде өз ауылымда шақыртуда жүргенде екінші ауылға бара алмай қаламын. Сонда көп халықтан наразылық туындайды. Ауданға барып, шағымданады.

Құрманғазы ауданында 57 мыңнан астам тұрғын бар. Диспансерлік тізімде 7 мың науқас тұр. Олардың басым бөлігі орталықтан шалғайда.

Сәуле Марданова, ауыл тұрғыны:

- Біз дәрігердің болғанын қажет етеміз. Себебі бізге дәрігер аптаның екі күнінде ғана болады.

Ауданға келем деуші дәрігерлерге барлық жағдай жасалған. 6 жаңа баспана дайын тұр.

Гүлсара Мүтиева, Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры:

- Ауылдық жерде күндіз-түні қызмет бабына байланысты жұмыс істеуге тура келеді. Ол бір жерде бір дәрігер болғандықтан, түнде науқастар кез келген мезгілде барып көмек сұрайды.

Облысқа 75 учаскелік дәрігер қажет. Олқылықтың орнын толықтыру үшін кешенді жұмыстар қолға алынды.

Мәншүк Аймұрзиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жетіспейтіні шындық. Біз осы жылдың аяғына дейін 35 учаске ашып, оған басқа жақтан дәрігерлерді шақырып жатырмыз. Шалғай елді мекендерде фельдшерлер отыр. Көп емес. Келесі жылы 50-60 тәжірибелі дәрігер келеді деп отырмыз.

Жауаптылар шалғайдағы елді мекендерді дәрігермен қамтудың түрлі әдіс-тәсілін қарастыру үстінде. Мәселен, өңірдің бас дәрігері ауылға келген маманға 1 млн-ға дейін көтермеақы төлеуді ұсынып отыр.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу