«Дәрігерлердің салғырттығынан жақынымыздан айырылдық!». Ақтөбеде көз жұмған 26 жастағы жүкті келіншектің туыстары ақ халаттыларды айыптайды. Олардың айтуынша, науқастың менингитпен ауырғанын мамандар өте кеш білген. Бұл жағдайға қатысты дәрігерлердің өз уәжі бар.
Токсикоздан денсаулығы нашарлаған келіншекке туыстары жедел жәрдем шақыртқан. Кейін Иннаның басы ауырып, ауруханаға жатқызылады. Үш күннен кейін оған жасанды түсік жасалады. Ем-домға қарамастан, науқастың жағдайы жақсармаған.
Татьяна Пилич, марқұмның әпкесі:
- Оның бас ауруына ешкім назар аудармады. Жүктілік кезінде солай болады деп қолдарын сермеді. 13 желтоқсан күні үйге алып кетіңдер деді. Сіңілім өз аяғымен жүре де алмайтын. Біз оның менингитпен ауырғанын 18 жетоқсан күні, комаға түскенде білдік. Алайда, дәрігерлер басқа нәрсе айтты. Тек 28 желтоқсан күні ғана менингит болуы мүмкін деді.
Жергілікті дәрігерлерден қайран болмаған соң, науқасты Орынборға апаруға да оқталыпты. Алайда, Иннаның жағдайы тіпті нашарлап кеткен. Ол есін жимастан 6 қаңтар күні қайтыс болған. Алайда, дәрігерлердің де өз уәжі бар. «Әйелді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық», - дейді олар.
Зәмза Хайруллина, облыстық аурухананың сапа және менеджмент қызметінің басшысы.
- Себебі не болғанын қазір нақты айта алмаймыз. Бірақ, өзінің бұрыннан келе жатқан ауруы болған деп ойлаймыз. Бізге өршу сатысында түсті.
Марқұмның артында 2 және 4 жастағы екі баласы қалды. Олар қазір әкелерінің қамқорлығында.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Марқұмның туыстары дәргерлерді науқасқа дұрыс диагноз қоймады деп айыптайды. Сондықтан, олар прокуратураға шағымданған. Қазір осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру басталды.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.