Ай сайын тегін дәрі-дәрмек алатын қазақстандықтар енді әрі-бері жүрмейді. Дәрігер жазған рецепт бойынша қажетті препараттарды өз емханасынан алады. Сонымен қатар, жыл соңында елімізде тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылмақ. Яғни, халық SMS-хабарлама арқылы дәрінің берілген күні мен атауынан хабардар болады. Тағы бір жаңалық - пациенттерге дәрі-дәрмекті таңдау мүмкіндігі берілмек. Мұның барлығы - кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, оның қол жетімдігін арттыруға бағытталып отыр.
Балбөпе Орқашбаева қан қысымы көтерілгелі дәріге тәуелді. Ай сайын мемлекеттен дәрі-дәрмек алады. Тегін. Бірақ, сол тегін дүниеге қол жеткізу үшін қаладағы дәріханаларды шарлайтыны шаршатқан.
Балбөпе Орқашбаева, науқас:
- Бұрын осы дәрілерді мен «Гиппократтан» іздеп жүретінмін. Енді өз емханамда аламын. Уақытты үнемдейді.
Енді сабылудың қажеті жоқ. Дәрі әр емханада беріледі. Пациент препаратты алысымен телефонына СМС-хабарлама түседі. Алды деп. Ал, дәрі болмай қалса, науқастың алаңдап, дәріханаға қайта-қайта келуіне де негіз жоқ. Препарат қоймаға түсісімен, науқастың нөміріне хабар беріледі. Ақы төлеу тәртібі де өзгермек.
Тілеухан Әбілдаев, Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры:
- Аурулар дәрілерді қолма-қол алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Осы құжаттар ақпараттық жүйеге енгізілген соң қаржылар аударылады. Өзінің қолымен растамағанда болашақта ақша аударылмайтын болады.
Жоба ретінде іске қосылған жүйе тегін дәрі-дәрмектің кімге, қалай беріліп жатқанын бақылауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, пациенттер енді өзіне қажет тегін дәрі-дәрмекті өзі таңдайды. Яғни, ем-домға берілген препарат ұнамаса, оны алмастыруға құқылы.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Пациент әсер етуші заттары дәл сондай өзге препаратты таңдай алады. Емделуші дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен нақты құны арасындағы айырманы өзі төлейді. Бұрын емделуші басқа дәріні алса, оның толық құнын төлеп сатып алатын. Бұл норма дәрімен қамтамасыз ету қолжетімділігін жақсартады деп болжап отырмыз.
Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жедел санитарлық авиация мен медициналық, бастапқы медициналық-санитарлық және жедел стационарлық көмектерді қамтиды. Бұдан бөлек, созылмалы ауруларға да медициналық көмек тегін көрсетіледі.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.