Оңтүстіккореялық дәрігерлер Түркістан облысынан барған 15 жасардың қыздың жүрегіне аса күрделі операция жасады. Олар науқастың өкпе тұсындағы жіңішкеріп кеткен қан тамырларын кеңейтіп, жүректің оң және сол жақ бөлігінде пайда болған тесіктерді бекітті. Бағасы 50 мың доллар тұратын мұндай операцияны Сеул қаласының мэриясы мен «Самсунг» медициналық орталығы қайырымдылық ретінде тегін істеп берді.
Наимаға дәрігерлер төрт бірдей диагноз қойды. Ол қолқа доғасындағы тамырлардың жетілмей, жіңішкеріп қалуы. Жүректе тесіктердің пайда болуы. Өкпе артериясының стенді және соңғысы, жүрек бұлшықетіне оттегінің жетіспеуі.
Сун Жи Ен, ем дәрігері:
- Осының салдарынан ағзадағы қан айналымы дұрыс емес. Адам тез шаршайды. Бет-ауызы көгеріп, қимылдай алмай қалады. Науқастың кез келген уақытта үзіліп кету қаупі бар. Жан-жақты жүргізілген зерттеу сараптамасы бойынша ота жасауға бекініп отырмыз.
Наиманың мұндай дертпен осы жасқа дейін өмір сүріп келгені шетелдік дәрігерлерді таңқалдырды. Өйткені, Кореяда мұндай аурумен туған сәбилерге 6-8 айлық кезінде-ақ операция жасалады. Барлығына көз жеткізіп, медицинаның мүмкіндіктерін салмақтап шыққан дәрігерлер 4-күні түс қайта Наиманы операцияға алып кірді.
Ғани Қалмаханов, тілші:
- Күрделі операция 7 сағатқа созылды. Осы уақыт аралағында дәрігерлер жүрек пен өкпенің аралығын жалғап тұрған тамырларды кеңейтіп, екі ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Қазір жасөспірім қыздың жағдайы бірқалыпты. Енді оның денсаулығы бірнеше күн бойы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.
Хирургтар ота кезінде жүрек-қантамырларының уақыт өте келе қайта жіңішкеріп кетпеуіне айрықша мән берді. «Өйткені, бұлшық еттердің өсуінен тамырдың қайта қысылып қалатын кездері болады, - дейді олар.
Джон Те Кук, кардиохирург, профессор:
- Операция екі кезеңде жасалды. Оның ұзап кетуі де сондықтан. Біз алдымен жүрек бұлшықеттерінің тамыр бойлай жүретін тұстарын тіліп шықтық. Одан соң арнайы қондырғы арқылы қан тамырының қысылмай, еркін жұмыс істеуіне көз жеткізген соң ғана ота әрі қарай жалғасты.
Наима отбасындағы екінші перзент. Ата-анасы қыздарының жүрегінде дерт бар екенін бір жасқа толғанда барып білген. Содан бері талай дәрігердің қабылдауында болып,барлығы диагнозды дәл қойғанымен,ешбірінің операция жасауға дәті бармаған.
Сәлима Асимова, анасы:
- Қызымның ғұмыры ұзаратын болды. Соған барлығымыз қатты қуандық. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Перзентімді ажал аузынан алып қалды. Қызым енді өзінің қатар құрбысымен күліп-ойнап, мектептегі сабағына да өзі барып келеді деген сенімдемін.
Наима енді осы айдың соңына дейін медициналық орталықта ем алады. Анасы да қасында болып, оған күтім жасайды. Жалпы, «Самсунг» медициналық орталығы жыл сайын осындай ауыр дертке шалдыққан қазақстандық екі азаматты қайырымдылық ретінде тегін емдейді. Осы кезге дейін 10-нан астам отандасымыз шетелдік дәрігерлердің көмегімен сырқатынан айықты.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.