Емханаларға ерікті тіркеу науқанының аяқталуына 10 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Емханаларға ерікті тіркеу науқанының аяқталуына 10 күн қалды

07.11.2018

Өзіңіз қалаған емханаға тіркеліп үлгеріңіз. Әйтпесе, кеш қалуыңыз мүмкін. Елімізде қыркүйектің 15-нен басталған емханаға ерікті тіркелу науқанының аяқталуына небәрі 10 күн қалды. Осы уақыт аралығында Сіз үй іргесіндегі немесе көңіліңіз қалаған дәрігерді таңдауға құқылысыз. Қаладағы емханалар тізімі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» «fms.kz» сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде түзілген. Науқан басталғалы Астанада әзірге тек 18 мыңнан астам адам ғана басқа емханаларға ауысыпты. Тіркелудің жолдары қиын емес.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

- Сіз тіркелген емхана үйіңізден алыс болса, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы сын көтермесе, тіпті, дәрігердің Сізге қарым-қатынасы ұнамаса, енді өзіңіз қалаған емхананы таңдауыңызға мүмкіндік бар. Тіпті, жекеменшік мекемелерден де ем-дом алуға құқылысыз. Ол үшін алдымен емхананы таңдап, оған тіркелесіз. Тіркелудің 3 жолы бар. Біріншісі, таңдаған емханаға тікелей келіп тіркелу. Ол үшін қолыңызда төлқұжатыңыз болса болғаны. Тіркеу бөліміне келіп, тіркелетін емханаға өтініш жазасыз.

Ал, егер, ары-бері жүруге уақытыңыз тапшы болса, онда тіркелудің екінші жолы бар. Онлайн тәртіпте, egov.kz порталы арқылы барлығын бір бармақ шешеді. Ол үшін Сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса болғаны.

egov.kz порталына кіресіз. Сосын жеке кабинетке өтесіз. Электронды қолтаңбаңызды қойып, Денсаулық бөлімі дегенді таңдайсыз. Ол жерде қаладағы бүкіл мемлекеттік және жекеменшік емханалардың тізімі шығады. Қалағаныңызды таңдайсыз. Өтініш толтырып, кері жібересіз. 2 күннің ішінде Сіздің жеке кабинетіңізге емханаға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келеді.

Нұрлыбек Қабдықапаров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры:

- Бастапқы алғашқы медициналық көмекке байланысты Астана қаласы бойынша тіркелу саны 1 млн-нан астам болуы керек. Соның ішінде жеке-мемлекеттік мекемелер арасында бастапқы алғашқы көмек көрсететін 30-ға жуық емхана қатысып жатыр. 

Сіз қалаған емхана Сізді тіркемей қоюуы да мүмкін. Оның өзіндік себебі бар. Бір дәрігерге тіркелген адам саны 1700-ден асып кеткен жағдайда азаматтың өтініші қабылданбайды.

Ерікті түрде емханаға тіркелудің үшінші жолы – Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, «Коннекшн пойнтс» бөлімінің қызметін қолдана аласыз. Айтпақшы, қалаған емханаға тіркеле салып, ертең-ақ, сол мекемеден ем-дом ала алмайсыз. Тек, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қана жүгіне аласыз. Оған дейін бұрынғы жерде қарала бересіз. Тағы бір айта кетерлігі, 2007 жылдан бастап туған балаларды әр ата-ана онлайн түрде таңдаған емханасына тіркей алады.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу