Тұмаудың жаңа түрі келе жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұмаудың жаңа түрі келе жатыр

26.09.2018

Сақ болыңыздар, тұмаудың жаңа, әрі ауыр түрі келе жатыр. «Мичиган», «Колорадо» деп аталатын вирустар ең қауіпті саналады. Сол себепті, еліміздің Бас санитар дәрігері тұрғындарға алдын ала сақтық шараларын жасау керектігін айтты. Ол алдымен қарапайым иммунитетті көтеру және екпе ектіру. Биылғы тұмау маусымының алдында 1 млн. 600 мыңдай адамға екпе егу жоспарланған. Ол басталып та кетті. Вакцина ең әуелі жүкті әйелдерге салынады. Бес жасқа дейінгі балалар мен тыныс алу жолдары ауруына шалдыққан балғындар да осы екпені алады. Бұлардың қатарында аталмыш санаттағы емделушілермен байланыста болатын медициналық қызметкерлер де бар. Мамандардың айтуынша, қазан айынан басталған тұмау мамырға дейін жалғасады. Ал, ең өршитін тұсы қаңтардың ортасы. Қазір бүкіл аймақ жаңа вирусқа қарсы вакциналарын алып дайын отыр. Тек Қостанай облысына ғана толық жетпеген. Бас дәрігер олқылықты тезірек шешуді тапсырды. Себебі тұмау - көбіміз ойлайтындай жай ауру емес. 

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- 2009-2010 жылдары осы пандемия Н1N1 тұмаудың жаңа түрі шыққан кезде бізде өліммен аяқталған көптеген жағдай тіркелді. Сол жылдары 20 жағдай өлім-жітіммен аяқталды. Былтырғы жылы тұмаудан бір науқас қайтыс болды.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу