Астанадағы перзентханада қайтыс болған 35 жастағы келіншектің өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы перзентханада қайтыс болған 35 жастағы келіншектің өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасалды

04.09.2018

Астанадағы №1 перзентханада төрт күн бұрын қайтыс болған 35 жастағы келіншектің өліміне қатысты бүгін дәрігерлер ресми мәлімдеме жасады. Олар марқұм Әльфия Сопбекованың сирек кездесетін қан эмболиясына шалдыққанын, оның өмірін сақтап қалуға ешқандай мүмкіндіктің болмағанын айтты. Дегенмен, медициналық-сараптамалық нақты қорытынды бір аптадан соң белгілі болады.

Әльфия перзентханаға тамыздың 29-ы күні өз аяғымен барады. Сол уақыттан бері 4 күн бойы жолдасы, туыстарымен телефонмен сөйлесіп жүріпті. Байланыс тек қыркүйектің бірі күні кешке таман үзілген. Дәрігерлер келіншектің жақындарын жағдайы ауыр деп шақыртқан. Алайда, олар жетем дегенше жүкті әйелдің жүрегі тоқтапты. Акушерлер кесір тілігін жасап іштегі баланы алып үлгерген. Нәресте қазір жансақтау бөлімінде, мамандар оның өміріне ешқандай қауіптің жоқ екенін айтты. Ал, аяқасты қайғыдан есеңгіреп қалған Әльфияның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр.

Мәдина Жолымбекова, Әльфияның қайын сіңлісі:

- «Денсаулығы болмаған екен», - дейді. Қалай денсаулығы болмаған?! Ешқандай аурумен ауырған жоқ. Анализдерін уақытында тапсырды.

Астананың бас акушер-гинекологының айтуынша, Әльфияда «Су қағанағының қан эмболиясы», яғни, қан тамырларының бітеліп қалуы диагнозы болған. Бұл - босанатын әйелдердің кенеттен қайтыс болуына себепші болатын аурулардың бірі. Оны жүктілік кезінде анықтау мүмкін емес екен. Тек босану кезінде ғана белгілі болады. Осындай диагноз соңғы үш айдың ішінде Астананың дәл осы перзенханасында көз жұмған бес әйелдің екеуінен анықталыпты.

Иван Коркан, Астана қаласының бас акушер-гинекологы:

- Бұл 15 мың әйелдің ішінен біреуінен табылатын сирек сырқат. Астанада жылына 30 мың бала дүниеге келеді. Қайтыс болған әйелдердің екеуінде осы диагноз болды. Бұл дертке шалдыққандардың 90 пайызы тірі қалмайды.

Дегенмен де, бір орталықтан үш айдың ішінде 5 әйелдің қайтыс болғаны халықты дүрліктіріп жіберді. Тіпті Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының өзі дәрігерлердің біліктілігіне күмәнданатын секілді. Себебі, олар тез арада акушер-гинекологтарды оқытуды бастап кетіпті.

Әлия Рүстемова, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы төрағасының орынбасары:

- Перинаталды орталықтың бас дәрігері қызметінен босатылды. Қайтыс болған әйелдерді тудыруға қатысқан акушерлерге де қатаң сөгіс берілді. Негізі, акушер-гинекологтардың, анестезиолог пен неонатологтардың жұмысы өте  қиын. Ешкімнің барғысы келмейді. Сол себепті, ол жерде кадр тапшылығы бар. Қазір оларды оқытуға жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Тіпті пәтермен қамтамасыз ету де қарастырылып жатыр.

Зерттеу қорытындысы бұған дейін болған 3 жағдайда дәрігерлердің кінәсі болмағанын көрсетіпті. Бір жағдай бойынша ғана келіншекті аман алып қалу мүмкіндігі болған. Ол акушерлерге қатаң сөгіс беріліп, бала тудырудан уақытша шеттетіліпті. Бас дәрігер қызметінен кетті.

Ал, Әльфия Сопбекова қазасы бойынша қорытынды бір аптадан соң белгілі болады. Марқұмның артында жаңа туған сәбиімен тағы 13 және 7 жастағы балалары қалды.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу