ВИЧ-ке шалдыққандардың қатары елімізде жыл өткен сайын артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ВИЧ-ке шалдыққандардың қатары елімізде жыл өткен сайын артып келеді

30.07.2018

Кезінде «20 ғасыр індеті» деген атқа ие болған адамның иммундық тапшылығы вирусын жұқтырған, яғни, ВИЧ-ке шалдыққандардың қатары елімізде жыл өткен сайын артып келеді. Қазір ресми тіркелгендерінің өзі 18 мыңнан асты. 12,5 мыңы ем қабылдап жатса, 800-ден астам науқас емделуден бас тартқан.

Өйткені, олар қатерлі дертке қарсы жасалатын емнің пайдасы боларына сенбейді екен. Олар дәрі-дәрмектерді қабылдаған соң жүректері айнып, бастары айналып, жүдеп кеткендерін айтқан.

Ал, бұл дәрілердің бағасы өте қымбат. Арнайы мекемеде болмаса дәріханалардан табыла бермейді. Былтыр бір жылдың өзінде бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 4 миллиард теңге қаржы бөлінген. «Оның өзі жетпей, енді қосымша 3 миллиард теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді мамандар. 

Сайрангүл Қасымбекова, республикалық ЖИТС орталығы емдеу бөлімінің жетекшісі:

- Бұл Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жыл сайын тың емдеу тәсілдерін ұсынып отыруымен байланысты деп ойлаймын. Әрі препараттардың жаңа үлгілері шығып, дәрі-дәрмектер өзгеріп отырады. Мәселен, бұған дейін науқас күніне 5-6 дәрі қабылдайтын болса, қазір бір дәріде 3 препарат қосындысы біріктіріліп жасалған. Оны емделуші күніне 1 рет қана ішеді. Олар енді қолданысқа енгендіктен бағасы да өте қымбат. Қыруар қаражат керек. Ал, кейбір науқастар вирусқа қарсы емді 10 жыл бойы қабылдап келе жатқандықтан, оларға қосымша жаңа дәрі түрлерін алуымыз қажет.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

 «YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу