Қазақстандық нейрохирургтер израильдік әріптестерімен тәжірибе алмасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық нейрохирургтер израильдік әріптестерімен тәжірибе алмасты

19.06.2018

Президент іс басқармасы ауруханасының білікті дәрігерлері өз білімдерін шыңдамақ. Мұнда тек қана еліміздің емес, шетелден науқастар келіп, денсаулықтарын түзеуде.

Мәрлен Жексенбектің бауырына жуырда операция жасалды. Оның басынан ісік табылған еді. «Үміттен күдік басым болғанымен, ақ халатты абзал жандар барынша күш салды, өмірін аман алып қалды», дейді.

Мәрлен Жексенбек, Астана қаласының тұрғыны:

- Компьютерлік томографияға түсірген кезде қатерлі ісіктің көлемі үлкейіп кеткен. Осы жердегі нейрохирург дәрігерлерге үлкен рахмет.

Осындай жүздеген науқасқа операция жасап, алғысқа бөленген жан Азат Шпеков. Президент іс басқармасында екі жылдан бері нейрохирург болып жұмыс істейді. Ізденуден, жақсылық жасаудан жалықпаймын деп отыр.

Біздің көзімізше мамандар ми тамырларына катетер енгізу арқылы жасалатын операцияны сәтті өткізді. Мұндай операция елімізде 8 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Шимон Маймон, нейрохирург /Израиль/:

- Қазақстандық медицина қызметкерлерімен 10 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келемін. Жыл өткен сайын еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің жабдықталуы мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігі артып келе жатыр. Операция жайлы айтар болсам, ұсақ қан тамырлары теріге өте жақын орналасқан. Ал, енгізілген катетер қан кету қаупі мен оның ұйып қалуына және басқа да ауыр зардаптарға жол бермейді. Бұл операция 20 жылдан бері жасалып келе жатса да, әдісі жыл сайын жаңарып отырады.

Тек өткен жылдың өзінде Президент іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасында 120-ға жуық осындай операция  жасалған. Алдағы уақытта оның санын көбейту жоспарланып отыр. Өйткені, ең бастысы халық денсаулығы.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу