Қызылорда облысында дәрігерлерге құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында дәрігерлерге құрмет көрсетілді

18.06.2018

Қызылорда облысында мектеп және медициналық колледждерінің үздік түлектеріне облыс әкімінінің гранты тағайындалды. Бұған дейін, яғни, соңғы үш жылда медициналық мамандықтар бойынша резидентураға 25 грант бөлінетін. Білімді жастарға оқу бітіргенше қолдау көрсетіледі. Одан кейін олар туған жерге келіп, еңбек етеді. Өңірде  дәрігер тапшылығы проблемасын шешудің бұл ең тиімді жолы.

Облыс әкімінің арнайы грантына ие болған жастар жоғары оқу орнында білімін жалғастырады. Солардың бірі - Сәду Кәрімжан. Ол Қызылорда медициналық жоғары колледжін «емдеу ісі» мамандығы бойынша  бітірген.

Сәду Кәрімжан, грант иегері:

- Болашақта білікті дәрігер болсам деген арманмен медициналық мамандықты таңдадым. Себебі, елімізде ортаңғы буын медицина қызметкерлерінің жетіспеуі сезіледі. Әрқашан осы ақ халатты абыройды кіршіксіз таза ұстап, кір кілтірмей және болашақта білікті маман болуға тырысамыз.

Сондай-ақ, медицина саласының 10 қызметкері мерекеге орай облыс әкімінің қолдауымен 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Олардың қатарында – Шамұрат Оспанов та бар. Білікті дәрігер қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарды сауықтырып, оңалтуға елеулі үлес қосып келеді.

Шахмұрат Оспанов, облыстық Онкология орталығының бөлім меңгерушісі:

- Қазіргі уақытта диагностиканың жақсаруы байқалады, соның арқасында ісік аурулары дер кезінде анықталып, ем жүргізіледі. Қазіргі уақытта онкологиялық аурулар бір қалыпты.

Ал, еңбек ардагері Серік Игембаев бүгін «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудеге тақты. Саналы ғұмырын Сыр медицинасын дамытуға арнаған азамат бұл  қошемет халықтың құрметі деп түсінеді.  

Серік Игембаев, еңбек ардагері:

- Адам жанының арашашысы, адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп жүрген, күн демей, түн демей қызмет жасап жатқан еңбегімізді халқымыз бағалайды. Соңғы жылдары медицина қарқынды дамып келе жатыр. Медициналық көмектің ең күрделі түрлерінің көмектесуі, әсіресе, біздің облысымызда дамып келе жатыр. Бұл бірінші кезекте мамандардың арқасы.

Өңір медицинасы қарқынды дамып келеді. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында соңғы 5 жылда жалпы құны 27,4 млрд. теңгеге 58 нысан пайдалануға берілді, оның 49-ы апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынды.    

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу