ОҚО-дағы жедел жәрдем ауруханасында 100-ден астам ағза мүшелерін алмастыру операциясы сәтті жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-дағы жедел жәрдем ауруханасында 100-ден астам ағза мүшелерін алмастыру операциясы сәтті жасалған

11.06.2018

Қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыруда. Сөзімізге дәлел, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел жәрдем ауруханасында 100-ден астам ағза мүшелерін алмастыру операциясы сәтті жасалған. Тіпті, Германия, Израиль, Румыниядан науқастар келіп жатыр. Бас дәрігер, хирург Мәди Биғалиевтің айтуынша, біздің елдегі операциялардың құны әлдеқайда төмен. Сондықтан, шетелдіктердің таңдауы Қазақстанға түсіп отыр.

Бұл азаматқа екі күн бұрын бүйрек трансплантациясы жасалды. Өзінің қарындасы донор болыпты. «Операция сәтті өтті», - дейді.

Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасында өзіміздің азаматтар үшін ағза мүшелерін ауыстыру операциясы тегін, шетелдіктер үшін 14 мың доллардай, шетелде 35 мың доллардан басталады.

Вячеслав Ли, дәрігер:

- Операция саны жүзден асты. Науқастардың барлығы жақсы болып шығып жатыр.

Мәди Биғалиев  36 жыл бойы  медицина саласында тер төгіп келеді. Ол облыс орталықтары арасында ең алғашқылардың бірі болып мүше ауыстыру отасын қолға алды. 10 жылдан бері жедел жәрдем ауруханасын басқарып келеді. Бірақ, ешқашан операция жасауды тоқтатқан емес.

Мәди Биғалиев, бас дәрігер:

- Күніне 1-2 операция жасаймын.

Ақ халатты абзал жан медицина саласына келгелі 8 мыңға жуық ота жасапты. «Өмір мен өлім белдескен сәтте жауапкершілік жоғары болуы керек, біздің жұмыс қателікті кешірмейді», - дейді дәрігер. Қол астында 950 адам істейді. Трансплантация – командалық еңбектің жемісі.

Дәрігер сондай-ақ, аурухананы қағазбастылықтан артылтып, толығымен сандық жүйеге көшіргісі келеді. Бұл жұмыстар да көп ұзамай жүзеге асырылмақ.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу