Елімізде менингиттен көз жұмған 13 жағдай тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде менингиттен көз жұмған 13 жағдай тіркелді

04.06.2018

Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде менингиттен көз жұмған 13 жағдай тіркелді. Оның бесеуі бала. Жағдай күннен-күнге ушығып бара жатса да, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингитке қарсы екпе салу тиімсіз деп санайды. Оның дерегінше, 100 мың адамға шаққанда 10  жағдай тіркелсе ғана жаппай екпе жүргізуге болады. Ал, карантин жариялау үшін аптасына кемінде 2000 адам науқастану қажет. Жұқпалы инфекциядан сақтанудың өзге жолдары бар ма?

Алматыдан басталған жұқпалы инфекция еліміздің әр түкпірін жағалай шарлады. Бүгінде Қазақстан бойынша 58 жағдай тіркелген. Олардың 7-еуі әлі жансақтау бөлімінде, 34-і жалпы бөлімде ем қабылдауда. Науқастармен байланыста болған  4000-нан астам адамға антибиотик тағайындалған. «Ауру саны артып, өлім жағдайы жиілегенімен, вакцинациялаудың тиімділігі жоқ, шығыны көп», – дейді министр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мен өзім вакцина салған жоқпын. Балаларым да алған жоқ. Вакцинация өзінің нәтижесін беру үшін 2-3 ай қажет. Оны салудың қажеті жоқ. Соған байланысты Дүниежүзілік стандарт бойынша еліміздегі нормативтік акт бойынша бәрін жасап жатырмыз. Тағы да айтып кетейін, бүкіл халық арасында вакцинация жүргізудің қажеті жоқ.

Адам көп баратын ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық орындарда, жазғы лагерлерде әзірге карантин жарияланбайды. Себебі, министрліктің есебі бойынша науқастанушылар саны әлі де аз. Ал, алыс-шалғай жерлерге қажет болса, қосымша көлік жіберіп, қабылдау бекеттерін ұйымдастыруға болады. Бірақ, өңірлерден әзірге мұндай өтінім түспеген.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Прокуратурамен тексеріс басталды. Дәрігерлер жақтан және жедел жәрдемнен құқықбұзушылық болса, жауапкершілікке тартылады.

Жалпы, менингитпен науқастанушылар еліміздегі 5 өңірде анықталды. Қазір елордамен қоса, барлық аймақта арнайы штаб жасақталған. Бір қуантарлығы, 29-мамыр күні менингитке шалдыққан астаналық 3,5 жасар баланың беті бері қарады.

Әйгерім Ардаққызы, Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі:

- Реанимациялық бөлімнен профильді бөлімге ауыстырылды. Құсу мен температура байқалмайды. Бала қазіргі профильді бөлімде клиникалық-протоколдық диагностикаға сай ем қабылдап жатыр.

Министр айтқандай, ақылы вакцинадан қайран жоқ, карантин жарияланбайды да. Сондықтан да, ең дұрысы денсаулықты жіті бақылап, дене қызуы, бастың ауруы мен құсу белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн. Сондай-ақ, қоғамдық орындарға баруды уақытша шектеп, сыртта жүргенде медициналық маска тағу да артықтық етпейді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу