Менингитке қарсы екпе салу тиімсіз - Біртанов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Менингитке қарсы екпе салу тиімсіз - Біртанов

04.06.2018

«Менингитке қарсы екпе салу тиімсіз». Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз жиынында осылай деді. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгіленген талабына сай, 100 мың адамға шаққанда аптасына кемінде 3 жағдай тіркелсе ғана жаппай екпе жүргізуге болады. Оның үстіне ағзаға әсер етуі үшін біраз уақыт қажет. Жалпы, жыл басынан бері елімізде 58 жағдай тіркелді. 12 адам жұқпалы инфекция салдарынан көз жұмды. Оның бесеуі 14 жасқа дейінгі бала. Бүгінде өңірлерде республикалық арнайы штаб құрылып, алдын алу шаралары жүргізілуде. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакцинация өзінің нәтижесін беру үшін 2-3 ай қажет. Оны салудың қажеті жоқ. Соған байланысты біз барлық жұмыстарды Дүниежүзілік стандарт бойынша, еліміздегі нормативтік акт бойынша жүргізіп жатырмыз. Тағы да айта кетейін, бүкіл халық арасында вакцинация жүргізудің қажеті жоқ. 

Өткен жылдармен салыстырар болсақ, 2013, 2014 жылдары науқастардың саны 100-ден асса, 2015 жылы 3 есе артып, 424 жағдай тіркелген. Оның 21-і қайтыс болды. Ал, 2016 жылы 120, 2017 жылы 62 науқас менингитпен ауырды. Науқастанғандардың 70 пайызы бала болғандықтан, сақтық шараларын барынша күшейтіп, қоғамдық орындарға баруды шектеу керек. «Биылғы статистика орташа тұрақты болғандықтан, әзірге қоғамдық орындарда, ойын-сауық орталықтарында, жазғы лагерлерде карантин жариялаудың қажеті жоқ», - дейді министр. 

2013 ж. – 117, 81 - бала, қайтыс болғандар саны - 18
2014 ж. – 119 ,78 - бала, қайтыс болғандар саны - 15
2015 ж. – 424, 273 - бала, қайтыс болғандар саны - 21
2016 ж. – 120, 58 - бала, қайтыс болғандар саны - 7
2017 ж. – 62, 41 - бала, қайтыс болғандар саны - 11

Науқастанғандардың 70 %-ы бала 

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу