Жоғары темпиратура, бастың жиі ауруы, денедегі қызыл бөртпелер. Мұндай симптомдар байқалса әдеттегі вирустық аурулардың бірі деп бейжай қарап отырмаңыз. Себебі, менингококк жұқпасы болуы әбден мүмкін. Дәрігерлер солай дейді. Мамандар салғырттықтың салдары қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екендігін қатаң ескертеді.
Менингококк инфекциясы дегеніміз – мидың қабынуы. Жұқпалы бактерия. Бас-аяғы – 12 түрі бар. Солардың алтауы адам өміріне қауіпті. Вирустық ауру көктем және күзде өршиді. Иммунитеті төмен адамдар тез науқастанады. Әсіресе, ауа арқылы, жанама қарым-қатынаста, анасынан баласына, су, тамақ, жеке бастың тазалығы бұзылса тез тарауы ықтимал.
Гүлнәр Жүсіпбекова, дәрігер-инфекционист:
- Арақашықтық 50 см яғни, тығыз қарым-қатынас болған жағдайда жұғады. Дене қызуы жоғары, бастың ауруы, құсу белгілері, денеде бөртпелер байқалса, өз бетінше ем жасаудың қажеті жоқ. Дәрігерге қаралу керек, көбінесе өздігінен қаралмай жүру салдарынан өлім жағдайларына алып келіп жатады.
Вирус алдымен жұтқыншаққа түседі. Кейін қанға тарайды. Инкубациялық кезең 20 күнге дейін жалғасады. Уақтылы қаралған жағдайда түбегейлі емдеуге болады. Індетті жұқтырған адам айналасына ауа арқылы тез таратуы ықтимал.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Қазіргі қауіпті маусымда қоғамдық мәдени орындарға баруды азайту қажет. Спорттық нысандар, хауыздарда гигиеналық талапты ерекше ескеру шарт. Қайтыс болған 4 науқас та дәрігерге кеш жүгінгенін ескеріп, уақтылы медициналық көмек алу қажет екендігін ескертеміз.
Ауру әсіресе, Алматы қаласында өршігендіктен қазір профилактикалық шаралар күшейген. Өлім тіркелген бассейн жабылды. Балабақша да уақытша жұмысын тоқтатты. Жағдай тұрақталғанша өзге де ұйымдардың санитарлық талабы түгелдей тексеріледі.
Ал, статистикаға сүйенсек, көрсеткіш қалыпты деп айтуға болады. Мәселен, менингококк инфекциясына шалдыққандар:
2013 жж – 117, 81 – бала, қайтыс болғандар саны - 18
2014 жж – 119 , 78 – бала, қайтыс болғандар саны – 15
2015 жж – 424, 273 – бала, қайтыс болғандар саны – 21
2016 жж – 120, 58 – бала, қайтыс болғандар саны – 7
2017 жж – 62, 41-бала, қайтыс болғандар саны – 11
Науқастанғандардың 70 % бала
Айтпақшы, менингококк ауруының алдын алу үшін 1 жастан бастап үлкендерге дейін жекеменшік емханаларда екпе салдыруға болады. Бұл вакцина ұлттық тізімде жоқ. Сондықтан да ақылы. Бір екпенің құны – 29000 теңге. Дегенмен, дәрігерлер екпеден гөрі жеке бастың тазалығы мен сақтық шаралары маңыздырақ екенін айтады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ