Тегін медицинаның мүмкіндіктері көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін медицинаның мүмкіндіктері көп

10.04.2018

Бүгінде денсаулық сақтау саласы дамып, шетелдерден жаңа аппараттар әкелінді. Отандық дәрігерлер болса, сан түрлі күрделі операцияны өздері жасауға қауқарлы. Мәселен, Астанадағы Нейрохирургия орталығында ми қан тамырлары ауруларына жыл сайын 400-дей операция жасалынады. Жақында елордалық нейрохиругтер аяғы ауыр әйелге күрделі  ота жасап, бала мен ананың өмірін арашалап қалды.

Рахима жүктілігінің 39-аптасы кезінде кенеттен қан қысымы көтеріліп, басы айналып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді. Туа біткен ми қан тамырлары жүйесінің ауытқушылығы салдарынан  миына қан құйылған. Абырой болғанда, сәби екеуі де аман қалды. Өзіміздің дәрігерлердің  арқасында. Екі сағатқа созылған ота сәтті өтті. Науқас екі күннен кейін-ақ аяққа тұрды. «Операция уақытылы жасалмағанда, оны аман алып қалу мүмкін болмайтын еді»,- дейді дәрігерлер. 

Рахимаға ота тегін жасалды. Оған кепілдендірілген медициналық көмек пакеті сеп болды. Яғни, мемлекеттің көмегімен мәселе шешіліп отыр. Әйтпесе, қалтаны қағып, қыруар қаржыны қажет ететін осындай операцияның орташа құны - 4 миллион теңге. Нейрохирург мамандардың айтуынша, Рахима сияқты ауыр жағдайда ауруханаға түскен науқастар соңғы он жылда екі рет тіркелген. Себебі, мұндай дерт сирек кездеседі.

Серік Дүйсембаев, нейрохирург-дәрігер:

-Заманауи медициналық құрылғылардың арқасында мұндай операциялар  елімізде жасалады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру негізінде халық өз денсаулығына көбірек мән бере бастайды. Сол себептен, осындай ауруды  ертерек анықтайтын боламыз.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа тегін қызмет көрсетуге ниет білдірген 1400-ге жуық медицина ұйымы бар. Биыл мемлекеттен жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 22 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның ішінде ми қан тамырлары жүйесі  отасына 670 млн. теңге қаражат берілген. Демек, Рахима сияқты сирек дертке шалдыққандар қажетті ем-домын алып, толық жазылып кетуіне зор мүмкіндік бар.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу