Қазақ халқының емдеу тәсілі – «Айкүне» сан түрлі дертке шипа - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ халқының емдеу тәсілі – «Айкүне» сан түрлі дертке шипа

01.03.2018

Қазір көшпенділердің ежелгі салт-дәстүрімен байланысты жаттығудың осы түрімен айналысатын жандардың қатары көбейіп келеді. Тіпті, шетелдіктер де елімізге арнайы келіп, жаттығуды үйреніп жүр.

Кәсіби бишідей мың бұралып билеп тұрған Мерей Мейрамбекқызы босанғаннан кейін денсаулығы сыр берген.  «Айкүне» жаттығуымен айналысып дертінен дәрінің көмегінсіз құлан таза айыққан. Қазір өзі де мұқтаж жандарға осы тәсілмен емделуге көмектеседі.  

«Айкүне» халықтық емдеу тәсілі қазақтың дәстүрлі құндылықтарынан тамыр тартады. Мұндағы қимыл түрлері бір-бір рудың атауымен аталып, рулық таңбасын алған. Сондықтан, бұл байырғы өнерімізді жаңғыртуға негізделген.  

Абай Баймағамбетов, «Айкүне» қазақ жаттығуының авторы, сынықшы:  

Қазіргі көп аурулардың асқынуына неврологияның әсері бар. Ал, бұл өз кезегінде қимылдың жоқтығымен байланысты. Сондықтан, қазақтың өзінің төл жаттығуын жандандыруымыз қажет. Деннің сулығы жанның саулығына кепіл болады.

Қазір бұл жаттығу ТМД елдері мен Еуропада қазақтың төл өнері ретінде таныла бастады. Осы арқылы қазақтың тарихымен етене танысып, қызығушылығы артқан шетелдіктер де көбейген.

Абай Баймағамбетов, «Айкүне» қазақ жаттығуының авторы, сынықшы:  

- Жаттығуды жасаған кезде адамның барлық мүшелері мен ішкі ағзаларының, әсіресе, тірек қимылының белсенділігі артады. Адам өзін толық басқарып, санасы сергиді. Сондықтан, бұл тек гимнастика емес, халықтық емдеу тәсілі деп айтуға негіз бар.  

Қазақ гимнастикасы омыртқа, буын, демікпе ауруларына да таптырмайтын ем. Ал, сал ауруына шалдығып, төсек тартқандар осы жаттығудың арқасында аяққа тұра алады екен. «Сондықтан, бұл ұлт саулығына арналған дертке дауа, емге шипа жоба», - дейді жаттықтырушы.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                        

Хабарламаларға жазылу