Оңтүстік Қазақстан облысында 20 модульды медициналық пункт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 20 модульды медициналық пункт ашылды

14.02.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында шалғайда орналасқан 20 ауылда медицина пункті ашылды.  Бұл ғимараттардың ерекшелігі, модульды жинамалардан құрастырылғанында. Емдеу мекемелері бас-аяғы екі айдың ішінде салынып бітті. Құрылыс екі есеге арзанға түсті. Бұл еліміз бойынша осындай тәсілмен салынған алғашқы нысандар. Түстікте биыл осындай оңтайлы әдіспен ауыл-аймақтағы тозығы жеткен барлық медицина пункттері жаңартылмақ.

Емдеу орны ашыла салысымен дәрігерлерден  дертіне дауа іздеп келгеннің бірі Әсем апа болды. 20 жылдан бері буыны сырқырайды. Жасы келгелі созылмалы сырқат жиі мазалайтын болды. Бұған дейін ауыра қалса, қалаға немесе аудан орталығына баратын. Енді қажетті ем-домды ауылдан-ақ алуына мүмкіндік туып отыр. 

Әсем Жақсылықова, ауыл тұрғыны:

- Жылы әрі таза екен. Бұрынғыдай қалаға бармаймыз. Осы жерге қарала беретін болдық. Әр дәрігерге бөлек көріне аламыз.  

Медициналық пункт бес бөлмелі. Оның құрылысы мен ішкі жабдығына қазынадан 30 миллион теңге жұмсалды. Емхана электр қуатымен жылытылады. Бұрынғыдай қазындыққа от жағып, көмір салып жүрмейді. Ең бастысы, бұл жерде науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалып отыр.

Өтеуіл Сарыбаев, фельдшер:

- Бұл жер жаңа жабдықтармен жабдықталған. Акушерлік кресло, электронды таразылар, шкафтар, компьютерлер берді.

Өңірдегі шағын ауылдарда 225 медицина пункті жұмыс істейді. Солардың үштен біріне жаңа ғимарат керек. Кейбір ауылдардағы емхана нысандары апатты жағдайда, енді бірі құрқұлтайдың ұясындай жерде отыр. Биыл солардың барлығы жаңарады. 

Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Биыл 67 медициналық тіректің құрылысын бітіріп, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша медициналық тіректерге деген сұранысты жүз пайызға бітіреміз.

Сондай-ақ, биыл өңірде екі емхана мен 6 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, ауруханалар мен емхананаларды түгелдей компьютермен жабдықтау үшін қазынадан 1,8 миллард теңге бөлінді. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу