«Ұрық донорлығы ұлт болашағына балта шабуы мүмкін». Репродуктолог дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Қаупі қандай дейсіз ғой, қазір ұрық саудасы қызып тұр. Ер мен әйел азаматтар ЭКО-орталықтарға қанша рет ұрық сатса да, шектеу жоқ. Олардың кім екенін зерттеп-зерделеп жатқан арнайы жүйе де орнатылмаған. Ал, келешекте сол ұрық иесінен тараған ұрпақ бір-бірімен шаңырақ көтеріп, некесін қимасына ешкім кепілдік бере алмайды. Тақырыпты тілшіміз Раушан Сайлауқызы зерттеп көрді.
Нұрбек есімді азамат экоорталықтардың есігін жиі қағады. Ұрығын сатады. Тиісті ақшасын алады. Ал, келешекке кесірі тиіп жатқанын ойланбайды да.
Нұрбек, қала тұрғыны:
- Мен шамамен 3 рет тапсырған шығармын. Бұл туралы өзімнің досымнан естідім. Бірақ, келешекте қаупі бар екенін ойланбадым.
Нұрбек сияқты ойланбай барып, от басып жүргендер саны соңғы жылдары күрт өскен. Оларға қойылатын басты талап - жасы 35-ке дейін және гепатит, сифилис, СПИД ауруларынан аман-сау болса болғаны. Келуші туралы қалған деректер құпия сақталады.
Ләззат Айтқожина, дәрігер-репродуктолог:
- Бұл әрине, дұрыс емес. Сондықтан, мұны заң бойынша қарау керек. Алып тастауға да келмейді. Көзді жұмып ұрықтандыра беруге де болмайды.
Бізден қарағанда шетте шектеу көп пе дерсіз. Италия бұған 2004 жылы тыйым салған. Жаңа Зеландия, Аустралия, Қытай елдерінде бір ұрық 4 немесе 5 адамға қолданылады. Түркияда донор адам міндетті түрде өз туысы болу керек. Жалпы, мұсылман елдерінің басым бөлігінде ұрық саудасы деген ұғым жоқ.
Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы:
- Мүлдем басқа біреудің ұрығын салуға іштей қарсы болып тұрамын. Бірақ та, ол әркімнің өз қалауы.
Ұрық донорлығы елімізде 1990 жылдардан басталған. Бүгінде мұнымен айналысатын экоорталықтар саны 20-ға жуықтады. Олар бір тапсырған адамның ұрығын бірнеше рет қолдана береді. Ал, мұндай қызметтің көмегіне жүгінетіндердің дені жасы ұлғайған қыздар мен бала сүюге қауқарсыз отбасылар. Олар донордың кім екенін білуге болмайды. Ал, діни тұрғыда талап мынадай.
Ершат Оңғаров, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы:
- Шариғатта жасанды ұрықтандыруды ерлі-зайыптының арасында ғана рұқсат етеді. Ерлі-зайыптылардан өзгеге ұрықтандыруға шариғат тыйым салады. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін». Жәнібек хан (ХV ғасыр)
Тектіліктің тазалығы үшін қазақты руға бөліп, келешектің қамын күйттеген бабалар осындай шешімге де барған.
Ал қазір қалай? Керісінше, ұрықты саудаға салдық. Одан өсіп-өнген ұрпақ отау құрса, қан бұзылады. Тектілік жойылады. Түрлі ауруға шалдыққан сәбилер өмірге келеді. Осылайша, сан ғасыр салтын сақтаған елдің ұрпақтары солқылдақ заңның соққысын көрмек.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ