Елімізде тұңғыш рет ядролық медицинаны пайдалана отырып, сүт безіндегі қатерлі ісікті жою бойынша арнайы операция жасалды. Отаны ресейлік мамандар мен отандық дәрігерлер бірлесе отырып іске асырды. Елімізге әлі таңсық болып отырған тәжірибе халықаралық деңгейде қазір кеңінен қолданылып келеді. Еуропа елдерінде қазір омыраудағы ісік дерті алдыңғы қатарда тұр. «Сондықтан, осы бағытта инновациялық жаңалықты біздің елге енгізу өте маңызды», - дейді қазақстандық ғалымдар. Радиациялық препарат арқылы сүт безіндегі лимфа түйіндерді тез арада анықтап, тек зақым келген аймақты ғана жоюға негізделген операция науқастардың жағдайын едәуір жақсартатыны анық. Жақын уақытта мұндай ота түрі ақылы түрде болады. Алайда, жақын уақытта тегін мемлекеттік медициналық қызмет түріне енгізілуі мүмкін.
Айгүл Садуақасова, ҚР ПІБ медициналық орталығы диагностика бөлімінің меңгерушісі:
- Ядролық медицина арқылы хирург зақым келген аймақты бірден анықтай алады. Президент істері басқармасы медициналық орталығы күніне 5-8 науқасты қабылдап осындай қызмет көрсете алады. Алайда, толықтай тиімді жұмыс істеу үшін республиканың барлық аймағынан ашу керек.
Елдос САПАРҒАЛИ