Қазақстанда туберкулезге шалдыққан мигранттардың саны көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда туберкулезге шалдыққан мигранттардың саны көбейіп барады

07.12.2017

«Сондықтан, өкпе ауруына шекаралық бақылау жүргізіп, науқастарға көмекті кеңейту керек», - дейді мамандар. Осы орайда үш жылдан бері Қазақстанда жоба қолға алынып, еңбек мигранттарын тегін медициналық тексерістен өткізген еді. Елордада өтіп жатқан халықаралық конференцияда осы жоба қорытындыланды.

Литва азаматы Виталиус Қазақстанға 2007 жылы көшіп келген. Өткен жылы ол өкпе ауруына шалдығып, ауруханаға түсіпті. Сырқатына алғашында мән бермеген. Тек дәрігерге қаралғанда ғана туберкулезге шалдыққанын білген.

Виталиус Даугелла, еңбек мигранты:

- Жеке көлігім жоқ. Сондықтан, қоғамдық көлікпен қатынаймын. Меніңше, туберкулез бактериясын сол қоғамдық көлікте жұқтырдым. Алғашында аурудың айтарлықтай белгілері байқалмады. Ауруханада 8 ай жаттым. Әлі күнге дейін дәрігерлер бақылауындамын. 3 ай сайын рентгенге түсіп тұрамын.

Жыл сайын Қазақстанға 500 мыңнан 1 миллионға дейін мигрант келеді. Олардың 15 пайызы құрт ауруы мен ВИЧ-ке шалдыққан. Бұл - Орталық Азиядағы еңбек мигранттары арасында туберкулезді бақылау және емдеуге қатысты жиында айтылған мәліметтер. Онда көшіп-қонушылар арасында туберкулезді анықтау, оларға тиімді емдеу шараларын қолдану талқыланды.

Мәлік Әденов, Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры:

- Соңғы 3 жылда көшіп-қонушылар арасында қараған мәліметтер бойынша туберкулезге шалдыққандар саны 1,5 пайызға жеткен. Көбінесе қай елдің азаматтары ауырады? Бізге келетін азаматтардың арасында жақын көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келеді.

Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы деректері бойынша, Қазақстанда осы дертке шалдығу көрсеткіші соңғы 10 жылда 2 есеге төмендеп, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 100 мыңға 52 адамнан келген. Сондай-ақ, 2016 жылы туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, дәрі-дәрмек алу, елдегі осы ауруды емдейтін 70 аурухана шығынын қоса есептегенде, бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінген.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу