Астанада VII Еуразиялық радиологиялық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада VII Еуразиялық радиологиялық форумы өтті

10.10.2017

Еліміздегі радиология саласының болашақ мамандары Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасады. Бұл мүмкіндік Астанада өткен VII Еуразиялық радиологиялық форум аясында белгілі болды.  Қазір Қазақстанда диагностикалау саласында 3000-ға жуық маман бар. Технология жеткілікті болғанымен, кадр тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Бас қосуда әлемнің 25 елінен келген білікті мамандар рентген-радиология қызметі, сәулелі диагностика, ядролық медицинадағы жаңа технологиялар туралы тәжірибелерімен бөлісті. Елімізде дендеп тұрған жүрек-қан тамыр, өкпе туберкулезі, сүт безі обыры сияқты ауруларды ерте анықтаудың тың тәсілдері де дәл осы жиында айтылды.

Раушан Рахымжанова, Қазақстан рентгенорадиологтары қауымдастығының президенті:

- Қазір елімізде бұл сала қарқынды дамып келеді. Еуропалық радиология қауымдастығының толыққанды мүшесі болуымыздың өзі – үлкен мәртебе. Әлем тәжірибесінен қалыс қалмау үшін барымызды салып жатырмыз. Жалпы, сапалы емдеудің 90 пайыз нәтижесі  – дұрыс диагноз қоюға байланысты. Осы тұрғыда қазақстандық мамандар үшін мұндай форумдардың маңызы зор.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу