Қытай дәрігерлері доңыз көзінің ақ қабықшасын адамға салу операциясын жүзеге асыра бастады, деп хабарлады www.24.kz.
Биоинженерлік зерттеу нәтижесінде 70 науқастың жанарына нұр біткен. Қазір күрделі операцияны жасайтын кәсіпқой хирургтер саусақпен санарлық. Осыған байланысты қазір білікті мамандар даярланып жатыр. Шэньчжэндегі шошқа фермасы еттен ғана пайда таппайды, жануардың жанарын адамға салумен айналысатын зерттеу орталығына сатады. Әлемдегі соқыр жандардың 5/1-і Қытайда тұрады. Бұл - 8 млн адам көруге зәру деген сөз. Науқастардың басым бөлігі шырышты қабаттың ауруына шалдығады екен. Олар үшін жалғыз үміт - трансплантация.
«Соңғы 10 жылда біздің компания осы саланы зерттеу мен жаңалық ашуға 1 млрд юань жұмсады. Осы уақыт аралығында біз түрлі жануарларға зерттеу жүргіздік. Сиыр, қой, итке қарағанда доңыздың ақ қабықшасы құрамы жағынан адамдікіне өте жақын болып шықты», - дейді халықаралық көзді қалпына келтіру орталығының бас директоры Шао Чжэнкан,
Осылайша өткен жылдан бері жаңа тәсілдің арқасында жанары солған жандарда үміт пайда болды. Айлап, тіпті жылдап донор күтетіндер үшін доңыз көзі нағыз көмектің өзі.
«2015 жылы ақ қабыршақты салу бойынша 5000 операция жасалған. Яғни жыл бойы 5 мың донор ғана табылған. Ал миллиондаған адам болса сарылып күтіп жатыр», - дейді Чжуншань көз орталығының профессоры Юань Цзинь.
Дәрігерлердің айтуынша, биоинженерлік технологияның арқасында науқас жандарға бір айдың ішінде операция жасалады. Соның бірі - Чжоу Ваньцзо. Өткен жылы сәуірде салынған көз тәуір көре бастаған.
«Сол көзім түк көрмейтін, қазір жанарыма сәуле түсті», - деді емделуші Чжоу Ваньцзо.
Бүгінде Қытайда доңыз көзінің шыршытты қабаты салынған 70 адам бар. Әзірге білікті мамандар тапшы. Сондықтан осы салада көз дәрігерлерін қайта даярлау жұмысы қолға алынды. Бұл елдегі 8 млн соқыр жанның барлық үміті соларда.