Елімізде 200-дей дәрінің бағасы қатаң бақылауда болады. Бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Фармацевтикалық қауымдастық дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасын ұстап тұру туралы меморандумға қол қойды.
Бұл келісім халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында жасалды.
Осылайша, отандық және халықаралық фармацевтикалық компаниялар өз мойындарына жиі қолданылатын дәрілерге бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті алды.
Олар қабынуға қарсы, ауырсынуды және дене қызуын басатын препараттар, антибиотиктердің кейбір түрлері, сондай-ақ, шприц пен дәкелер.
Бұл заттарды белгіленген бағадан асырып сатқан дәріхана иелеріне қатаң шаралар қолданылады.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ