ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі қазақстандықтарды «Эбола» безгегінің өршуіне байланысты Африкаға сапарға шыққанда сақ болуға шақырады. Африкада бұл індет 670 адамның өмірін қиып кетті.
Гвинея, Либерия және Сьерре-Леоне денсаулық сақтау министрліктерінің ақпараты бойынша безгектің тіркелуінің жаңа оқиғалары жалғасуда.
«Қазақстан Республикасы халқының санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету мақсатында агенттік шетелдік сапарларды жоспарлауда осы ақпаратты ескеруді ұсынады», делінген хабарламада.
«Эбола» қанды безгегі – ауыр вирустық жұқпалы індет. Ол сирек кездескенімен, өте қауіпті клиникалық жағдайда науқастың 50-90 пайызын өлімге ұшыратады. Инкубациялық кезеңі 2 күннен 21 күнге дейін созылады.