Астанада тек шілде айында сероз менингитіне шалдығудың 160 фактісі тіркелді. Оның 80-і лабораториялық жолмен нақтыланды. Яғни, 80-ге жуық жөсөспірім қазір ауруханада жатыр.
Бүгін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин елдегі санитарлық-эипидемиологиялық жағдайдан хабардар етті.
Жұқпалы ауру әдетте тамыз-қазан айларында қоза түсетін. Алайда, биыл ауа райының салқындығынан 1 айға ерте басталған.
Сероз менингиті тіркелу фактілері әсіресе, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласында өршіп тұр.
Ал, Қостанай мен Қызылорда облысында жыл басынан бері мүлде тіркелмеген. Бас санитарлық дәрігер аурудың шығуының басты ошақтарын да атады.
Жандарбек Бекшин, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер:
Ең бірінші себебі - ашық су қоймаларына шомылу, белгіленбеген су қоймаларына түсу. Ата-аналар балалардың осындай белгіленбеген су қоймаларына түспеуін қадағалауы керек.
Жандарбек Бекшин сондай-ақ, қажылыққа баруды жоспарлаған қазақстандықтарды барынша абай болуға немесе сапарын басқа уақытқа ауыстыруды сұрады.
Себебі, Таяу Шығыста тыныс жолымен жұғатын короновирус синдромы өршіп тұр. Айтуынша, ауру қауіпті. Бүгінге дейін 700 адам осы ауруға шалдықса, оның 300-і қайтыс болған.
Бас дәрігер «Бұл қажылыққа баруға кедергі келтіру емес, тек барамын деушілерге құлаққағыс», - деді. Таиландта демалатын отандастарымызға да денге безгегінен сақ болуға шақырды. Биылдың өзінде денге безгегіне шалдыққан 5 адам тіркелген.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ