Астанада 26 жастағы жігіттің жүрегі ауыстырылды. Тараз қаласының тұрғыны Ұлан Сыдықов өткен жылдың қараша айынан бастап, жүрек дертіне шалдыққан.
Оның емі тек жүрек ауыстыру болатын. Науқасқа донор Алматыдан табылды. Ми өлімі расталған азамат өлім мен өмір арасындағы төрт адамды құтқарды.
Бүйрегі мен бауыры Алматыдағы ағзаға мұқтаж үш жанға, жүрегі Ұланға салынды.
Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Биыл 4 адамның жүрегі ауыстырылды. Ең алғашқы донор Астанадан болса, кейінгілері Алматы, Қостанай, Петропавлдан табылды. 4 адам 16 адамға өмір сыйлады.
Айта кету керек, бұл - елімізде жасалған алтыншы жүрек трансплантациясы. Қазір ең алғаш рет жүрегі ауыстырылған астаналық Жәнібек Оспанов пен қарағандылық Болат Исаев тағдырлас бауырлары Ұланмен бірге бар қиындықтың артта қалғанын қуанып еске алады.
Юрий Пя, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
Кезекте тұрған адам көп. Олардың барлығы донордан үмітін үзбейді. Алайда, табылған жүрек олардың барлығына сәйкес келе бермейді. Науқастардың қаны, дене салмағы, бойы, жүрегінің көлемі, тіпті, қан тамырларына дейін сәйкес келуі тиіс.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ