Халықаралық ми күні белгіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық ми күні белгіленді

21.07.2014
Халықаралық ми күні белгіленді

Халықаралық күнтізбеде жаңа атаулы күн пайда болды. Ол – Халықаралық ми күні. Бұл күнді атап өтуді Халықаралық неврологтар федерациясы ұсынған. Алғаш рет ертең атап өтіледі.  Осыған орай алматылық  неврологтар тегін ашық есік күнін ұйымдастырмақ. Ондағы мақсат – ми инсультының алдын-алу.     

Қазір 1 миллион тұрғынның 2000-ға жуығында мидағы қан айналымы бұзылған. Ішімдік, темекіні айтпағанда, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, күйзеліс ми қызметін істен шығарып мүгедектікке алып келеді. Бұл мәселеге алаңдаған жас невропатолог Евгений Казанцев ми жұмысын жақсартатын тәсілдерді бір күннің ішінде топтастырған.

Евгений Казанцев, №1 қалалық аурухананың невропатологы:

Ми – адамның күрделі мүшесі. Миллиондаған электр желілерінен, аксондардан тұрады. Жалпы ұзындығы Жер шарын  төрт орап алуға жетеді. 8 миллиард нейрон болса, соның арасындағы 10 триллионға жуық байлам бізге қозғалуға, оқуға, жазуға, ойлануымызға, барлық әрекетті жасауымызға мүмкіндік береді. Сондықтан, біз бұған бей-жай қарамай, көбірек кітап оқып, миды шығармашылық жұмыстар арқылы ширатып отыруымыз керек. 

Бұрын 60 жастан асқан ересектерде кездесетін ми аурулары қазір жастарды да дендеген. Елімізде 500 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилерді де өмірге бейімдеу қолға алынған. Бірақ, олардың қан тамырларының қалыптасу жолдарына назар аудару керек дейді, балалар невропатологы.

Жанат Ыдырысова, балалар невропатологы:

6 айлық сәбиді адам қылу - үлкен жетістік. Бірақ, осындай патологиямен туған нәрестелердің 30 пайызында қан айналымы жұмысы әлі жетілмеген. Халықаралық талапқа сай, балалар денсаулығының дұрыс қалыптасуы үшін кешенді түрде күресуіміз керек. Себебі, күрделі ауруларды  бала жастан емдеуді қолға алсақ, келешек ұлт денсаулығы жақсарады.

Гүлназ Қайшыбаева, Қазақстан Ұлттық неврологтар  лигасының төрайымы:

Әлемдік көрсеткіш бойынша, 2030 жылға қарай 15 миллион адам ми инсульті дертінен зардап шегеді. Бұл - өте қауіпті.  Біздің елімізде қазір ми зақымынан мүгедек болып қалғандар саны 200 мыңнан асады.

Америкалық қауымдастық жүргізген 2010 жылғы зерттеу бойынша, 1 адамның ем-домына кететін шығын 1,5 мың еуроны құраған. Сондықтан, қоғам болып алдын-алу шараларына көшуіміз керек.

Отандық неврологтардың миды зақымдайтын аурулардан сақтану бастамасына Суретшілер одағы қолдау көрсетті. Арт-продюсер Анар Аққозы-Қарақозының тікелей бастамасымен халықтың өз денсаулығына немқұрайлы қарамауын түсіндіретін «Менің миым» бейнебаяны түсіріліп, тақырыптық көрме   ұйымдастырылды. Ал, ми инсультының алдын-аламын деуші тұрғындарға ертең  Орталық клиникалық аурухананың есігі ашық. 

Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу