Елімізде алғаш құлаққа имплант орнатылды. Яғни, «Bonbridge» деп аталатын заманауи-медициналық әдіс, туабітті құлақ қалқаны жоқ, мүлдем естімейтін адамға қолданылады. Бүгін Алматыда Санкт-Петербургтен келген хирург Диаб Хасан Мохамад Али есту мүшесі дамымаған ақтөбелік 10 жасар балаға операция жасады.
Ақтөбелік 10 жасар Берік туабітті саңырау. Екі құлағының қалқаны не есту қуысы жоқ. Туғанынан анасының әлдиін, тай-құлындай тебіскен қатарластарының үнін естімей өсті. Қазір арнайы мектепте тәлім алатын ол айналасындағылармен тек ыммен ұғысатын. Енді операциядан соң қоғамның толыққанды мүшесіне айналады.
Амангүл Сағынбаева, Беріктің анасы:
Менің балам туғаннан осылай болды. Тек қана құлағы мазалайды. Операциядан кейін жазылып кетуін тілеймін.
Медицинаның озық инновациясын меңгерген Диаб Хасанның бұл бесінші операциясы. Айтуынша, титанды қаптамадан тұратын есту аппараты сүйекке 5 миллимметрдей кіргізіліп, ішкі құлақ қуысына дыбыс өткізеді. Магнит арқылы құлақ жарғағына жабыстырылып, бас терісінен жеңіл алынып-салынады. Сол арқылы есту мүшесінің жұмысын әдеттегі қалыпқа түсіреді.
Диаб Хасан Мохамад Али, Санкт-Петербург ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
«Bonbridge» заманауи-медициналық әдісі – қатерсіз. Операциядан соң асқыну болмайды. Бұған дейін құлақ ақауының емі табылмай, адамдар өмір бойы саңырау болып қалатын. Бір орнатылғаннан кейін өмір бойына қолданылатын Австрияда жасалған бұл құрылғы есту қабілетінен айрылған жандарға үміт сыйлады.
Бұл имплантациялық жүйе осыған дейін біздің елде болмаған. Бүгін ресейлік ғалым осы әдіспен отандық дәрігерлерді таныстырып, шеберлік сағатын өткізді. Енді өз хирургтеріміз де соны тәсілді тәжірибелеріне енгізбек.
Жазира ИСАЕВА