Астанада «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен мәселелері» атты конгресс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен мәселелері» атты конгресс өтті

19.06.2014
Астанада  «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен мәселелері» атты конгресс өтті
Елімізде эндохирургиялық операция дамып келеді. Яғни, денеге пышақ салынбайды. Бұл әдіс  науқастың аяғына тез тұрып кетуіне септігін тигізеді.
 
 Алайда, уақыт өте келе бұл операцияны жүзеге асырудың жаңа тәсілдері пайда болды.
 
Екі күн бұрын Астанада басталған «Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен мәселелері» атты конгресте шетелдік және қазақстандық хирургтер осы мәселені талқылап жатыр.
 
Конгреске Ресей, Украина, Үндістан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғыз елінің сарапшылары қатысуда.
 
Денені кеспей операция жасау ең бірінші 1987 жылы Францияда жүзеге асқан. Ал, біздің елде 1991 жылдан бері жасалып келеді.
 
Қазір операцияның 95 пайызы осы әдіспен жүзеге асады. Жиын барысында эндоскопиялық хирургтердің қарары қабылданды.
 
Ол бойынша енді науқастарды емдеу шаралары арнайы хаттама бойынша жүргізіледі.
 
Руслан Хасенов, медицина ғылымдарының кандидаты:
Бұл хаттамада науқастың тексерілуі, ауруханада жатуы, емделуі қарастырылған. Бұл дәрігерлерге ыңғайлы. Бұрын мұндай болмаған. Әр аурухана өзіне қолайлы емдеу жолдарын қолданды.
 
Осы конгресс аясында «Уран өндіретін аймақтардағы медициналық-биологиялық және радиоэкологиялық мәселелер» атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды.
 
Мамандар аталмыш химиялық зат өндірілетін өңірлердегі халықтың денсаулығын жіті бақылауда ұстау керектігін айтты.
 
Себебі, радиоактивтiлiгі жоғары уранның денсаулыққа тигізер зияны көп.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу