Аналар үмітін үзбесін... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аналар үмітін үзбесін...

14.06.2014
Аналар үмітін үзбесін...
Астанадағы Балаларды оңалту орталығында жылына 4 жарым мыңға жуық балғын емделеді. Орталыққа көбіне туа бітті сал ауруына шалдыққандар, даун, жүйке жүйесі ауытқыған балалар келеді. Әсіресе, ауыр жағдайдағы науқас балаға қарау аса жауапкершілікті талап етеді. Себебі, не басын көтере алмайтын, не қолына ешнәрсе ұстай алмайтын, тіпті берген тамақты жұта алмайтын олардың бетін бері қарату оңай шаруа емес. Осы тұрғыдан келгенде бұл жердегі дәрігерлердің еңбегі ұшан теңіз.
 
Бұл қыз балалардың қатары қазір 5-сыныпта оқиды. 11-12 жаста. Сал ауруының ауыр түріне шалдыққан олардың орталыққа келгелі беті бері қарады. Мұндай нәтижеге жетуі үшін түн ұйқысын төрт бөлген Гүлнәр Құсайынқызының еңбегі жанды. Қазір қыздар өздігінен бастарын көтеріп, қолдарына заттарды ұстай бастады.
 
Гүлнәр Тайтабаева, дәрігер-невролог:
Дерттің ауыр түріне шалдыққан балалардың аман-есен аяғына тұрып кетуін тілеп жатамын. Ең бастысы, бұл балалардың аналары жігерлі болуы керек. Және үмітін үзбеуі тиіс. Баласының өз қатарына қосылатынына сенімді болуы керек.
 
Бұл орталықта айына 300 бала емделеді. Оларды оңалтуға 200-ден астам дәрігер мен мейіргер атсалысады. Олармен бірге науқас баланың анасы да құлынының жазылып кетуіне бар күшін жұмсайды. Алайда, кейбір аналардың шыдамы шегіне жеткенде шарасының таусылатын шағы болады екен.
 
Гүлнәр Тайтабаева, дәрігер-невролог:
Бұл балалардың аналарын батыр десе де болады. Себебі оның мойнында үй ішінің тірлігімен қатар, құлынының денсаулығы тұр. Олар науқас баласының қасынан бір елі де аттап шыға алмайды. Кейде менімен сөйлесіп отырып, көз жасына ерік береді. Шыдай алмай өзім де жылап жіберемін. Кейін үмітін үзбеуін сұраймын.
 
Шария Шатаева, Жамбыл облысының тұрғыны:
Жақсы нәтижеге жетіп жатырмыз. Осы орталыққа алғысым шексіз.
 
Мереке күні науқас балалардың аналары мен әріптестері Гүлнәр Құсайынқызын арнайы құттықтап келді. Келіншектердің дәрігерлерге деген ілтипаты ерекше. Себебі, балаларының денсаулығы мен жарымжан көңілдері осы аялы алақандардың қолында.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
 
 

Хабарламаларға жазылу