Антына адал маман - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Антына адал маман

14.06.2014
Антына адал маман
Аурудың алдын алсаң аман жүресің. Бұл диагностика саласындағы мамандардың басты қағидасы. Әр науқастың сырқатын танып, асқынудың алдын алу дәрігердің міндеті. Сондай жанның бірі - Зәуреш Қазымқызы. Тәжірибелі маман, 25 жыл Аймақтық диагностика орталығында жемісті еңбек етіп келеді.
 
Зәуреш Қазымқызы - ақ халат киіп, дәрігер болуды бала жастан армандапты. 1977 жылы Алматы медицина институтына түсіп, балалар дәрігері атанады. Алғашқы еңбек жолын учаскелік ауруханадан бастап, елдегі іргелі балаларды емдеу орталықтарында қызмет етеді. Соңғы 25 жылын Аймақтық диагностика орталығына арнаған маман, таңдаған кәсібін мақтан тұтады.
 
Зәуреш Бисенқұлова, Ультрадыбыстық және функционалдық диагностиканы зерттейтін бөлімшенің меңгерушісі:
Біз отандық медицинаның орта буын өкіліміз. Қазір заман жаңарып, жаңалықтар көбеюде. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан, жас мамандарға білгенімізді үйретіп, тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана ел медицинасы өркендейтін болады.
 
Адам ағзасын толығымен тексеріп, 800-ге жуық зерттеулер жасайтын орталықта бөлімдер көп. Соның бірі - Зәуреш Қазымқызы басқаратын ультрадыбыстық және функционалдық диагностиканы зерттеу бөлімшесі. Мұнда 12 білікті маман тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары, бас, мойын омыртқа, құрсақ қуысын қарайды. Айына 200-ден аса адамды қабылдап, сырқат сырын жылдам, әрі дәл анықтайды.
 
Салтанат Қалимолдаева, АДО клиникалық диагностикалық зертхананың меңгерушісі:
Орталық дәрігерлерінің басты ұстанымы - пациенттің қауіпсіздігі мен сапалы зерттеу. Ширек ғасырдағы тәжірибенің арқасында біз халықаралық сапа сертификатына ие болдық. Біздің зерттеу қорытындыларымыз АҚШ, Испания, Финляндия мамандарының талдамаларымен сәйкес келеді.
 
Нұржаһан Жусанбаева, науқас:
Осы емдеу орталығына жиі келіп, қаралып жүрмін. Өзімнің бүйрегім ауырады. Бұл жердің мамандары өте білікті, биязы, инабатты. Келген бойда өздерінің ақыл-кеңестерін беріп, бізбен жақсы сөйлеседі. Дәрігерлеріне өте ризамын. Ақ халатты абзал жандарды келе жатқан мейрамдарымен құттықтаймын!
 
Иммунды жүйе адам ағзасының басты қажеттілігі. Иммунды жүйе қалыпқа келмей, ағза дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан да, бұл орталықта елде жоқ -радиоиммунологиялық зерттеулер жүргізіледі. Әрі әлеуметтік тұрмысы төмен топ өкілдері мен мүгедек, жетім жандарға мемлекет бағдарламасы аясында тегін көмек көрсетіледі. Ең бастысы - мұнда мейірімді, ісіне берілген жандар еңбек етеді.
 
Жазира ИСАЕВА
 
 

Хабарламаларға жазылу