Тараз ауруханасына бүйрек қызметін атқаратын қондырғы сатып алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз ауруханасына бүйрек қызметін атқаратын қондырғы сатып алынды

03.06.2014
Тараз ауруханасына бүйрек қызметін атқаратын қондырғы сатып алынды
Жамбыл облысында қос бүйрегі семіп бара жатқан науқастарға медицинаның озық тәсілдері бойынша ем жүргізіле бастады. Тараз қалалық ауруханасының гемодиализ бөлімшесіне бүйрек қызметін жасанды түрде атқаратын заманауи үлгідегі қондырғы сатып алынды.
 
Жаңа құрал бұрынғыларға қарағанда қанды сапалы әрі тез тазалайды. Сондай-ақ, өз жұмысын атқара алмай қалған бауыр мен бүйректің қызметін уақытша орындап, жасушалар құрылымын қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне де ие.
 
Ажар Бегалиеваның бүйрек ауруына шалдыққанына бесінші жыл. Содан бері ағзадағы қажетсіз улы сұйықты арнайы қондырғының көмегімен сыртқа шығаруға мәжбүр. Ол үшін аптасына үш рет ауруханаға келеді.
 
Ұзаққа созылған мұндай емдік шарадан соң кейінгі кездері қан қысымы да төмендеп кеткен болатын. Жаңадан орнатылған мына қондырғының арқасында енді бұл жайсыздықтан құтылды. 
 
Ажар Бегалиева, науқас:
Жаңа аппарат келгелі қан қысымым бірқалыпты. Бұрында түсетін, қатты ауыратын. Басым тырысып, өз өзіме келмейтінмін. Қазір жақсы.
 
Бүйрек-ағзадағы биологиялық сүзгі. Алайда, оның семіп қалуынан өңірде Ажар сияқты 100-ден астам адам бүгінде жасанды бүйрек құралының көмегіне мұқтаж.
 
Гемодиализ бөлімшесіне орнатылған жаңа қондырғының арқасында енді қанды ультракүлгiн тазалау, тамыр iшiнде лазермен сәулелендiру мүмкін болып отыр.
 
Емделуші қанындағы қажетсіз заттардың мөлшеріне байланысты күнара немесе аптасына бір рет емдік шара қабылдайды.
 
Аягөз Баймұратова, нефролог-дәрігер:
Қанды тазалау, шлактардан айыру және адам ағзасындағы қанның бірдей мөлшерде сақталуын қамтамасыз етеді. Бір сеанста қанды тазалау мүмкіндігі 60 пайыздан асады.
 
Мамандардың айтуынша, елімізде бүйрек ауруына шалдыққандар саны жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Оның ішінде, екі мыңға жуық адам жасанды жолмен, қанды тазартатын құралдың көмегінің арқасында ғана жарық күнін ұзартып жүр. 
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу