Елбасы Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруды тапсырды. Жаңашылдықты меңгеріп, заманауи технологияларды енгізу арқылы ұлт денсаулығын жақсартуды міндеттеді.
Ақтөбе облысында жуырда ашылған 300 керуеттік көпсалалы аурухана осы талапқа сай. 25 орындық босану бөлімі мен кардиоорталығы бар. Білікті мамандар аурудың алдын алуға күш салуда.
Шалқар ауданынан келген Роза апа бір операцияны өткерген. Бүйрегіндегі тасты кесіп алған болатын, жылдар өте қайта жиналыпты. Енді озық құрылғының көмегімен одан түгел арылды.
Роза Ізтілеуова, науқас:
Мұндай қан шығармай, ауыртпай операция болады деген түсіме де кірген жоқ. Заманның озық технологиясының арқасында осындай жетістіктерге жетіп, пайдаланып жатырмыз.
Литотриптор аппараты - ағзадағы тасты ультрадыбыстық толқын, лазер көмегімен алады. Бұл - денені кеспей операция жасаудың түрі. Озық үлгідегі осы екі құрылғы босаған емес. Өңірде бүйрек және несеп жолдарына тұз жиналған 200 адам есепте тұр. Олар кезекпен ем қабылдайды.
Талғат Имжаров, уролог:
Емханадан жолдамамен келеді. Ауру енді біліне бастағанда емделген дұрыс. Бүгінге дейін 25 адам ем алып шықты. 3 күн ішінде ауруханадан шығарамыз. Денсаулыққа еш кері әсері жоқ.
Медицина саласындағы бар заманауи технология Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілді. Көпсалалы нысанда 18 бөлімше бар. Оның дені хирургиялық салаға маманданған. Олар түгелдей дерлік жоғары сапалы құралдармен жабдықталған. Ем нәтижесі де көңіл қуантады.
Самат Данияров, Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері:
Осы атқарылған шаралардың арқасында дамыған 30 елдің қатарына күн санап, уақыт санап, жақындап келе жатырмыз. Науқастарымыз осы қызметімізге үлкен ризашылығын білдіріп жатыр.
Бұрын ақтөбеліктер Ресейге барып, диагностика жасататын. Қазір өңірде оннан аса озық компьютерлік томограф бар. Медицина саласы көш ілгеріледі.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауында ұлт денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Осынша қамқорлықты сезінген өңір дәрігерлері міндетті істерін қалтықсыз жүзеге асыруда.
Әлия ТАЛАСОВА