Аллергия азабы күшейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аллергия азабы күшейіп барады

25.04.2014
Аллергия азабы күшейіп барады

Дәрігерлердің пікірінше, соңғы 5 жылда жиі кездесетін кеселдердің бірі - аллергия. Күн жылып, көк шыққан тұста алқымнан қысып, тынысты тарылтатын демікпе дерті осыдан біраз жыл бұрын тек ересектерден байқалатын.
  
 Ал, бүгінде бұл ауру жігерлі жастардан бөлек, жаңа туған сәбилердің бойында да кездеседі. Аллергия дертінің сырына үңіліп, алдын-алудың амалын қарастыру мақсатында Алматыда халықаралық аллерголог дәрігерлердің қатысуымен съезд өтті.
  
 Жиын барысында Батыс елдерінің мамандары кеселден толық айығу үшін жаңа молекулярлық емдеу әдісін ұсынды. Яғни, науқастан алынған қан құрамына сай, оған генетикалық емдеу тағайындалады.
  
 Ресми деректерге сүйенсек, бұл сырқаттан қазір жер шарындағы 2 миллионнан астам адам зардап шегеді. Тек бір Алматының өзінде аллергиямен 200 мыңға жуық тұрғын ауырады екен.
  
Жанат Испаева, ҚР бас балалар аллергологы:
Аллергия ағзаның бөгде затқа деген сезімталдығының әсері. Ол ауадан, күннен, шаң-тозаң, гүл, өсімдіктер, мен бояғыш заттардың денеге кері әсерінен пайда болады. Алматыда қазір аллергиялық аурудың 20-ға жуық түрі кездеседі, соңғы жылдары бұл ауруға шалдыққандардың саны 15 пайызға өсті. Бүгінгі съездің маңызы зор, біз шетелдік әріптестерімізбен бірлесе сырқатқа себеп болған факторларды анықтап, заманауи әдістермен емдеуге көшеміз.
  
  
Әйгерім МУСИНА
 

Хабарламаларға жазылу