Университет клиникаларын дамыту ұсынылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Университет клиникаларын дамыту ұсынылуда

15.04.2014
Университет клиникаларын дамыту ұсынылуда
Қазақстанда университет клиникаларын дамыту керек. Медициналық білім беретін әрбір жоғары оқу орнының жеке емдеу мекемесінің жасақталуы  болашақ дәрігерлердің білікті болып шығуының кепілі.
 
Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті клиникасының бас дәрігері Жандулла Нақыпов осылай дейді. Қазір бұл клиникада тек республикалық ғылыми орталықтарда жасалатын операциялардың барлық түрі жасалып жатыр.
 
Үсен Сүлейменов - тобығын көкпар тартып жүріп тайдырып алған. Орнына салынғанымен, бәрібір оңалмады. Біртіндеп жүруден қалды. Сөйтсе, еттері езілген екен.
 
Сандуғаш Шортанова, тілші:
Қазір тобық буынын тазалау операциясы жүріп жатыр. Ол үшін науқас толық ұйықтатылмайды. Наркоз жұлынынан беріледі. Сонда науқас тек белінен төмен қарай ғана түк сезбейді.
 
Мұның ерекшелігі миға және адамның іші құрылысына наркоздың кері әсері тимейді. Операция барысында науқас ояу жатады. Жансақтау бөлімінде де көп аялдамайды. Тобығы шыққан Үсен Сүлейменов ол жерде жарты сағат қана жатты.
 
Үсен Сүлейменов, емделуші:
Жүрсем өкшеме бірдеме тіреліп қалатын еді. Қазір жақсы, ауырмайды.
 
Ал, мына операциялық бөлімде бүйрекке эндоскопиялық операция жасалып жатыр. Денені бір сантиметр тесу арқылы бүйректегі тасты алып тастамақ.
 
Мұхтар Ахайбеков, уролог-дәрігер:
Қазіргі жасап шыққан операцияларды екінің бірінің республикалық орталықта жасауға мүмкіндігі бола бермейді. Уақыт, қаржы мәселесіне байланысты. Мұндай операцияларды өз клиникамызда жасап жатырмыз. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді.
 
Клиникада миға да операция жасалады. Жандулла Нақыпов - нейрохирург. Жас дәрігер 13 жылда 3,5 мың адамға операция жасады. Ол әрі осы клиниканың бас дәрігері. Уақыт тауып, медицина факультетінің студенттеріне дәріс оқиды, сөйтіп, теорияны практика жүзінде көрсетеді.
 
Жандулла Нақыпов, Қ.А Яссауи атындағы ХҚТУ клиникасының бас дәрігері:
Өкінішке қарай, бүгінгі күнде университет клиникалары Қазақстанда дамымаған. Егер шетелдік моделді бізде қолға алып, дамытсақ, қанша жас маман ғылыми жұмысты емдік жұмыспен бірге алып жүріп, үлкен табыстарға жетер едік.
 
Медицинада ғылыми жаңалық ашатын негізінен университет клиникалары. Бұл сала Израиль және Еуропа елдерінде ерекше дамыған. Ал, Қазақстанда әзірге екі-ақ университет клиникасы жұмыс істеп тұр. Екеуінің де жетістігі жетерлік. Ал, бұл саланы аймақтарда дамыту - халықтың жоғарғы медициналық көмекке қол жеткізуінің негізгі кепілі болмақ.
 
 
Сандуғаш ШОРТАНОВА

Хабарламаларға жазылу