Дәрігерлер сау аяққа операция жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлер сау аяққа операция жасаған

18.02.2014
Дәрігерлер сау аяққа операция жасаған
  Облыстық балалар ауруханасының дәрігерінен моральдық және материалдық шығын өндірмек болған  Петропавл қаласы тұрғынының арызы бойынша істің ақ-қарасын сот шешеді. Айнагүл Разеева хирургтерге «баламның сау аяғына операция жасады»,  деп кінә тағып отыр. 
 
Оның пікірінше, дәрігер қызметіне салғырт қараған. Алайда ақ халаттылар айыбымыз жоқ деп ақталуда. 
 
10 жастағы Дамира есімді қыз облыстық балалар ауруханасына былтырғы жылдың қазан айында жатқызылыпты. Науқастың оң аяғындағы бақайлары дұрыс жетілмеген. Бірақ дәрігерлер неге екені белгісіз науқастың сол аяғын емдеуді қажет деп шешіпті. Ал анасы операция қате жасалған деп отыр. 
 
Айнагүл Разеева, Дамираның анасы:
Бір аптадан соң қызымды алып кетуге келсем, баламның сол аяғына операция жасағанын білдім. Мен бас дәрігерге бардым. Ол бұл жағдайдың анықталғанын айтты. Менің пікірімше, бұл - салғырттық. Аяғын ауыстырып алғаны қалай?  Егер оң аяғына ота жасау дұрыс деп санаса да, маған ол туралы ешкім айтқан жоқ. 
 
Ал дәрігерлердің айтуынша, қыздың екі аяғы да ауырады. Сондықтан ең алдымен сол аяғына ота жасау қажет деп шешіпті. Бас дәрігердің айтуынша, операцияны жүргізген хирург ата-анасына ескертіп, ақылдасқан.  
 
Олег Завьялов,   облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Отаны аурудың жеңілірек жағынан бастау - ол бұрыннан келе жатқан тәжрибеде бар. Тезірек жазылып кетуі үшін жасалады. Бала да тез жүріп кетеді.
 
Дамира оңалтудан соң Ана мен бала ғылыми орталығына жіберілді. Ол жерде оның диагнозы расталды. Яғни, дәрігерлер тарапынан қателік болмаған.
 
Бірақ қыздың анасы бұл шешіммен келіспей отыр. Ол дәрігерлерден өндіріп алған ақшаға қызын шетелде емдетпек. Енді бұл істің ақ -қарасын сот шешеді.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу