Бүгін - қатерлі ісікке қарсы күрес күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - қатерлі ісікке қарсы күрес күні

04.02.2014
Бүгін - қатерлі ісікке қарсы күрес күні
Елімізде қатерлі ісікке қарсы онкүндік өтуде. Бүгіннен бастап ел-жұрттың емханаға барып, онкологиялық тексеруден тегін өтуіне болады. Себебі, бұл ауруды ерте анықтап, ем жасамаса, соңы жақсы емес.
 
Жыл сайын 17 мың қазақстандық осы кеселдің кесірінен қайтыс болады. Ауыр болса да, анығы - осы. Ұлттық медицина аты жаман аурумен күресте күшті. Шетін операциялар жасайды, осы заманға сай ем-дом көрсетеді.
 
Бірақ, бұл дерт медицинасы мінсіз деген алпауыт елдерді де абдыратып отыр емес пе?! Халықаралық одақ обырға қарсы күрес баршаға ортақ болуы тиіс, деді. Сөйтіп, бүгінгі күнді Қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес күні ретінде белгіледі. Жыл сайын аталады. Бірақ, қатерлі ісікпен күрес бір сәт те тоқтаған емес.
 
Осы бір кесел адам атаулыны аямай тұр. Ғалымдар ғаламдық дертке дауа іздеп, қандай айла-әрекетке бармады? Дәріден де дәрмен болмады... Жаман ауру миллиондардың өмірін жалмады...
 
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының есебі дәлел. 2012 жылы әлемде 14 миллион адамнан аталған ауру анықталған. 8 миллион 200-і дерттен дүние салды. Қазақстанда онкологиялық сырқатпен 140 мыңнан астам адам есепте тұр. Тек 2012 жылдың өзінде қатерлі ісік жаңадан 32 мың адамның ағзасынан табылған.  
 
Нұрсұлу Қаскеева, Астана қаласының тұрғыны:
Аурудың адамға қайдан келерін кім білсін?! Бұрын мен ойлайтынмын, тым тұйық, барлығын ішіне сақтайтын жандар ракпен көп ауырады ғой деп. Олай емес екен. Оны өз басыма түскенде ғана ұғындым. Шынымды айтсам, обырмен ауырамын деп еш ойламаппын.
 
Жатыр мойнынан табылған обырға осында операция жасалады. Нұрсұлу сырқатының сырт айналарына сенеді. Сенімге селкеу түсірмей, кеселмен күресе бермек. Осы диагноз еліміздегі науқастардың 8,8 пайызынан табылып отыр. Бұдан басқа әйелдер тері обырына, көбіне, сүт безінің сырқатына шалдығады. 
 
Марат Төлеутаев, Астана қалалық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
Қазір ерлерден гөрі, қыз балалардың темекі тартуы, ішімдік ішуі көп. Оның барлығы зиянды. Ол болашақ ана, баланы дүниеге әкеледі, оны күнделікті емізеді.
 
Зиянды әдет залалдың туындауына түрткі. Саулыққа салдыр-салақ қараудан сырқат сыр береді. Мәселен, ерлер арасында асқазан мен өкпе рагы өршіп тұр. Дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын сақтамаудың салдары обыр тудырып, опық жегізіп отыр.
 
Жаһанда «жаман аурудың» 100 түрі бар. Сәулелі терапия, химиялық ем жасау, дәрі-дәрмек түрлері  табылғанымен, қатерден құлан-таза айығудың әдісі әлі анық емес.
 
Марат Төлеутаев, Астана қалалық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
Күнделікті үреймен өмір сүріп керегі жоқ, рак болады екенмін деп. Бірақ, есте сақтауы керек. Егер созылмалы сырқаты болмаса, жылына кем дегенде бір рет тексеріліп тұруы қажет.
 
Скрининг деген бар. 2012 жылдан басталған салалық бағдарлама бойынша азаматтар жылда дәрігер қарауында болады. Өткен жылы скринингтік тегін тексерістен жеті миллион адам өткен.
 
Аурудың алдын алмаса да, кеселді алғашқы сатысында-ақ анықтауға болады. Ең дұрысы - осы. Себебі, төрт сатыға бөлінетін қауіпті ісік алғашқы екі кезеңде емге көнеді.
 
Бибігүл Ғаділбекқызы, тілші:
Скрининг. Сосын ағзадағы ауруды айнымай табудың тағы бір жолы - онкомаркер. Яки, қан тапсыру арқылы дене мүшелері түгел тексеріледі. Сараптама шамамен 20-25 мың теңге тұрады. Ия, уақыт керек, қаражат та қажет. Бірақ, денсаулықтан қымбат не бар?! 
 
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу