Жүрекке күрделі оталарды жасауға мүмкіндік бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүрекке күрделі оталарды жасауға мүмкіндік бар

04.01.2014
Жүрекке күрделі оталарды жасауға мүмкіндік бар
 
Астанада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының ашылғанына екі жыл болды. Орталық іске қосылғаннан бері мыңдаған науқасқа көмек көрсетілді, соның төрт жарым мыңға жуығы ересектер болса, бір жарым мыңы балалар. Ал 2000-ға жуық науқастың жүрегіне ашық операция жасалды, оның 500-і балалар. Кардиохирургтердің көмегімен көп науқас ауруынан айығып кетті.
 
Дәрігерлер отбасында дүниеге келген Тимур Лесбеков өзін басқа салада көре алмайды. Және ол кардиохирургияны өмірінің мәніне теңеп, сүйікті мамандығын мақтан тұтып жүреді. «Өз ісінің нағыз шебері атану үшін күн сайын еңбектеніп, кездескен қиындықтарды жеңе білу керек» - дейді кәсіби маман.
 
Тимур Лесбеков, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
Бұрын Қазақстанда кардиохирургия болмаған. Ең қиын операцияларды жасайтын орталықтар енді-енді пайда болды. Бұрын кардиохирургия толық мағынасында болған жоқ. Қазір диагностика өте жақсы. Сондықтан көп науқасты бізге жібереді.
 
Тимур Лесбеков өзінің жастығына қарамастан, күрделі операцияларды жасайды. «Алтын қолды» дәрігер жаңа технологиялардың көмегімен жүрек қақпашасын ауыстырады, жүрегі сыр берген науқастарға жасанды жүрек салады.
 
Тимур Лесбеков,  Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
Қазіргі технология бойынша қақпашаларды операциясыз ауыстыруға мүмкіндік бар. Жүректі тоқтатпай. Науқас екі-үш күнде үйіне кетеді. 80 науқасқа көмек бердік.
 
Ауру жас таңдамайды. Кардиохирургия орталығында жүрек ақауымен жатқан пациенттердің арасында 80 жастан асқан қариялар да, 20-дан енді асқан жастар да бар.
 
Әйгерім Жұмаділова,  науқас:
Екі жыл осында келіп қаралып жүрдім, екі жылдан кейін дәрігерлер ота жасады. Сәтті өтті дәрігерлерге рахмет. Қолдарына дерт бермесін. 20 жылдық ауруымды жазып берді. Бір апта өткеннен кейін ғана есімді жидым. Есімді жиған кезде датаның өзгергенін түсіндім.
 
Бану Төкенова,  науқас:
Бәрі жақсы. Операция сәтті аяқталды.
 
Бір қуантарлығы, енді науқастар шетел аспай-ақ, өзімізде жүректерін емдей алады. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған. 
 
 
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу