Білім және ғылым министрі оқулықтардағы олқылықтарды сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім және ғылым министрі оқулықтардағы олқылықтарды сынға алды

08.08.2019

Биылғы оқу жылына дайын оқулықтар қайтадан басып шығарылады. Өйткені қателігінен көз сүрінеді. Бүгін Елордада комиссия құрамымен кездескен Білім және ғылым министрі оқушыларға арналған оқулықтардың сапасын сынға алды. Оқудың басталуына айдан да аз уақыт алды. Ал қатесі өріп жүрген пән оқулықтары қайта алғызылып жатыр. Мәселе қалай шешімін таппақ? Жалпы, бұған кім кінәлі?

Қыр астында – қыркүйек. Ал мектеп оқушыларының оқулықтары сын көтермейді. Елдің бас мұғалімі қателігінен көз сүрінетін оқулықтарды алып келіп, олқылықтарды жіпке тізгендей тізіп шықты. Мысал ретінде алынған екі баланың біреуін атымен, екіншісін тегімен жазған. Физика пәнінен берілген тапсырманың шешімі дұрыс нұсқамен сәйкес келмейді. Мұндай жаңылдыратын жайттар көптеп кездеседі. Айталық, ағылшын тіліндегі сөздер қазақ тіліне дұрыс аударылмаған, мағынасы мүлдем бөлек.

 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Мұндайға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Ал біздің оқушылар осындай оқулықтармен оқуға мәжбүр. Бұл жыл сайын қайталанатын дүние. Демек оқулықтарды дайындауға үстірт қарап келеміз. Сараптама ісі  солқылдақ. Мұғалім мен сарапшыны шатастырып жүрміз. Алдымен оларды оқытып барып, сарапшының қолына оқулықты тексеруге беру керек. Сонда ғана сапаға қол жеткіземіз.

Қазіргі таңда осы оқулықтардың тең жарымы өңірлердегі білім беру мекемелеріне жөнелтіліп те қойған. Енді олардың барлығын кері алғызып, қайтадан басып шығару қажет. Ал жауапты мамандар бұл айтылғандардың ешбірі өрескел қате емес, тек техникалық ақау деп ақталды.   

Бейбіткүл Кәрімова, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:

Жаңағы көрсетілген қателер өздеріңіз байқасаңыздар, ол таза техникалық ақаулар. Ағылшын тілінің аудармалары өрескел қате болып саналмай ма?  Ол сөздікті қарап көру керек. Егер болатын болса, оқулыққа қосымша ішінде сөздікті тіркеп беру керек.

Мұндай кітаптарды оқитын оқушылардың терең білім алуы екіталай. Сондықтан әзірше партаға бұрыс жазылған оқулық пен дұрыс нұсқасы бар қосымша қатар қойылмақ. «Бала болашағы таразыға түсетін мұндай жауапты сәттерде жауапсыздық танытқандар жазаланады»,- деді министр. Ал осы олқылықтарды саралап, сұрыптайтын сарапшылар қайта даярланбақ. Асхат Аймағамбетов оқулықтардың бағасын да сынға алды. Қазіргі құны тым қымбат екенін айтып, бағасын төмендетуді ұсынды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу