Шетелдегі қазақ балалары - Қазақстанда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі қазақ балалары - Қазақстанда

10.07.2019

Елімізде тұңғыш рет шетелде тұратын қазақтардың балаларына арналған жазғы мектеп ашылды. Елордаға 7 мемлекеттен 150 оқушы арнайы келді. Олар Нұр-Сұлтан қаласын аралайды, Бурабайға барады. Қазақтың тарихымен танысып, рухани, мәдени шараларға қатысады.

Тарихи атамекенін алғаш көріп тұрған балалар бұл. Жас буынды елге алғызып, қатарластарымен етене жақын араластыру мақсатында жазғы мектеп жұмысын бастады. Тұңғыш рет. Бастаманың бастапқы игілігіне 150 оқушы ілігіпті. Ресей, Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан сынды жеті елден жиналған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Қазақстандағы балалармен танысып, дос болып, әрі қарай бір-бірін сағынып тұрады деген ойдамын. Атажұртына келіп, киелі мекенінде әрі қарай тұруына жағдай жасауға болады деп ойлаймын. Бұл - тек алғашқы қадам.

Дүние жүзіндегі бүтін қазақтың үштен бір бөлігі отанынан тысқары жерде тұрып жатыр. Тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашырап кеткен қандастарымызға мәдени-руахни жағынан демеу жасау үшін, оқу-білімде көмек көрсету мақсатында осы шара қолға алынды. Өйткені шетелдегі жас отандастарымыздың көбі ана тілін білмейді, қазақтың дәстүрі мен ғұрпынан алшақ. Осы мақсатта алдағы 2 апта бойы оқушылар қазақ тілін үйреніп, тарихын танып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымен танысады.

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің ең үлкен проблемамыз - сол қазақты сақтау. Керек болатын болса ұлттық идеяға айналдыру. 16 млн қазақты сақтап, бәрін тіл білетін, дінін, дәстүрін, әдет-ғұрпын білетін жағдайға апаруымыз керек. Мынау - соның бір тәсілі.

Жырақта жүрген қазақ балалары атамекеніне келіп, көріп, танысып жатқанына ырза.

Әйгерім Мандат, Моңғолия тұрғыны:

Мен бұл жақта қандастарыммен кезігуге, атамекеніме келіп, оның суын ішіп, ауасымен демалуға келдім. Қатты ұнап жатыр. Таңертең ұйқыдан тұрғанда өзіңді былай сергек сезіп, қуанып, бірақ не үшін қуанып жүргеніңді білмейсің, өзіңді күшті сезінесің. Өзіңмен туысатын, өзіңмен, өзің сияқты қазақтарды көрген мен үшін қуаныш.

Дивал Раби, Иран Республикасының тұрғыны:

Біз басқа елде туып-өскенімізбенен өз ана тілімізді, өз елімізді, өз қазақтарымызды ұмытқан жоқпыз. Әрдайым Қазақстанымызға сағыныш жүрегімізде тұрады. Біз былайынша Қазақстаннан алыс көрінеміз. Бірақ Қазақстан менің жүрегімде. Сол үшін мен оған жақынмын. Білімімді Қазақстанда жалғастырғым келеді.

Игілікті шара алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жалғасын таппақ. Жақын жылдары жазғы мектепке 4000-ға дейін оқушыны шақырып, тарихи Отанында демалдыру жоспарланып отыр.


 

 

Хабарламаларға жазылу