Заман талабына сай мамандар даярланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заман талабына сай мамандар даярланады

28.05.2019

Кадрларды даярлау заман талабына сай болуы тиіс. Бүгін Үкімет отырысында кәсіптік-техникалық білім беру, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие мамандықтарды даярлау және жас мамандарды жұмысқа орналастыру сияқты қазіргі күннің түйткілді мәселелері қаралды. Себебі қазіргі еңбек нарығы цифрлық экономикаға сай білікті кадрларды қажет етеді. Осы ретте еліміздегі білім беру үрдісіндегі және кәсіби құзыреттілік жүйесіндегі амал-тәсілдер өзгертілмек.

Маржан биыл ЖОО-ны бітіреді. Болашақ IT маманы. Қазірдің өзінде компьютердің қыр-сырына қанық. Бірақ тәжірибе жоқ. Десе де, мамандығы бойынша лезде жұмыс табатынына күмәні жоқ.

Маржан Иманбазарова, жас маман:

- Менің мамандығыма қазіргі кезде сұрыныс көп.

Маржан секілді сенімді болу үшін қазіргі экономика талаптарына жауап беретін мамандық иесі болу керек. Заман мен ғаламның түрленуінен түрлі мамандықтар қатары толығып, озығы дамып, тозығы жоғалып барады. Әсіресе, жаппай цифрландыру сапалы кадрларға қат.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Болжам бойынша 2025 жылға дейін Қазақстан мемлекетінің халқы 20 млн-ға дейін жету керек. Соған байланысты 9 млн 8 мың адам жұмыс жасау қажет. Қазіргі болжам бойынша, 2025 жылға дейін біліктілігі төмендер қатары қысқарып, біліктілігі жоғарылар көбейеді. Оларға сұраныс та көбейе түседі.

Қазір жастарда білім бар, мамандығына сай жұмыс жоқ. Ал жұмыс берушіде бос орын бар, бірақ керек кадр жоқ. Парадокс. Өйткені еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс сәйкес келмей отыр. Осы ретте алдағы уақытта тәлімгерлер теорияны өндіріспен ұштастырып оқымақ.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бізде осы жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8 пайызды ғана құрайды. Жұмыс берушілердің пікірінше, оның дамуына практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорын шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр. Осы мәселелерді шешуіміз керек. Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынамыз.

Дуалды оқытуды ілгерілету мақсатында колледждер сенімді басқаруға берілуі ықтимал. Бұдан бөлек, білім мазмұнына мән беріледі. Экономика мен еңбек нарығының талабына жауап беретін икемді оқу бағдарламалары қарастырылады. Еңбек нарығының кадрларға қажеттілік болжамы анықталып, келешек кәсіптердің тізімі түзіледі. Қысқасы, білім берудің тетіктері мен тәсілдері өзгермек.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз осы бастамаларды қолдап, әріптестіктің нақты шарттарын әзірлеуіміз керек. Білім және ғылым министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жобалық кеңсе құруды тапсырамын. Екіншіден, дуалды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек. Кәсіпорындар колледждер базасында орталықтар ашулары қажет. Бұл колледждер жұмысын жұмыс берушінің сапасына жақындатып, түлектердің жұмысқа орналасуына кепілдік бола алады.

Сөз соңында Үкімет басшысы еңбек министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарына жыл соңына дейін 480 кәсіптік стандартты әзірлеп, кәсіби біліктілікті заманға сай даярлау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек. Қазір жас маман үшін ЖОО дипломы аздық етеді. Ол ұдайы білімін жаңартып, заман талабына тез бейімделе білу керек. Сонда ғана экономикаға қажет маман болып, толағай табысқа жетпек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу