Тараздағы мектепке Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы мектепке Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді

24.05.2019

Таразда №10 орта мектепке ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді. Батырдың туғанына 95 жыл толуына орай мектеп ауласынан тау тұлғаның бюсті ашылды.

Сағадат Нұрмағанбетов - сұрапыл соғыста көрсеткен көзсіз ерлігінен бөлек, ел үшін күрмеуі қиын-қыстау кезеңде әскерді басқарған тұңғыш қорғаныс министрі. Бүгінде Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосқан батыр атынан құрылған қор жұмыс істейді. Еліміздің түкпір- түкпірінде жаужүрек жауынгердің еңселі ескерткіштері ашылып, еске алуға арналған шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгін де халықаралық қордың ұйытқы болуымен мектеп ауласынан бюст бой көтерді.

Махмұд Нәлібаев, С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы:

- Өскелең ұрпаққа біздің болашаққа өнеге болсын деп жасалып жатқан жұмыстар. Сағадат Нұрмағанбетов әруақытта Елбасымыздың кемеңгер саясатын қолдап әруақытта осыны қолдап отыратын еді.

1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ерлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Бүгінде батырдың мұндай ерлік істерін ел-жұрты аңыз қылып айта жүреді.

Аружан Айтбек, оқушы:

- Мектебіміздің әр қабырғасында осы батыр атамыздың суреттері мен өмірі, қызметі - барлығы жазылып тұр. Мен шын жүректен қуаныштымын. Себебі батыр атамыз барлығымызға үлгі болып, патриоттық сезім мен рух береді.

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. Балалық шағы ашаршылық жылдармен тұспа-тұс келген оның отбасы көп қиындықты басынан өткерген. 1942 жылдың шiлде айында 18 жастағы ауыл баласы Кеңес әскері қатарына қабылданады. Майданда көзсіз ерлік көрсетіп, елге оралған ол саналы ғұмырын Қарулы Күштердің қалыптасуы мен жас ұрпақты отаншылдық тәриеге баулуға арнаған. Бүгінде батырдың есімі аталып, жас ұрпақтың жадында жаңғырып жатқаны көңіл қуантады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу