«Талапқа талғам таразы» атты кәсіби бағдар беру керуені жолға шықты. Биыл 7-ші мәрте ұйымдастырылып отырған керуен ауыл-аймақты аралап, кәсіби білім алу мүмкіндіктерін насихаттайды. Үгіт-насихат тобының құрамында еліміздегі 19 оқу орнының өкілдері бар.
Кәсіби бағдар беру керуенінің алғашқы сапары Сыр елінен басталды. Өңірдегі оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әлеуметтік-әріптестік бағытта және дуалды оқытуға негізделіп жасалған келісімшарттар тұрақты жұмысқа орналасуға оң ықпал етіп отыр. Былтыр оқуды аяқтаған 6 мыңға жуық түлектің 53 пайызы жұмысқа тұрды.
Бекжан Есенбаев, Қызылорда облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- 29 колледж жұмыс жасайды. Ол жерде 97 мамандықта 117 біліктілік бойынша 21 мың студент білім алып жатыр. Соңғы уақытта 9-сыныпты бітіргендердің 60-65 пайызы 11-сыныпты күтпей, бірден осы колледждерге келіп, кәсіптік білім алуға ниеттеніп жатыр.
Сырбойылық Айша Әлиева қазір Көкшетау қаласындағы агротехникалық колледжде 1-курста оқиды. Ол «Серпін» бағдарламасының мүмкіндігімен тегін білім алып жатыр және өзі қалаған мамандықтың иесі атанған соң, жұмыспен қамтылады.
Айша Әлиева, студент:
- Бізді жатақханамен қамтамасыз етіп жатыр. Күнделікті аптаның 5 күнінде 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. Мен ақпараттық жүйе мамандығы бойынша оқып жатырмын. Бұл - осы заманға қолайлы мамандықтың бірі.
Дәл осындай мүмкіндікті кез келген жас пайдалана алады. Керуен сондықтан қазір ауыл-аймақтарды аралап жүр. Мемлекеттің қамқорлығын жастарға жеткізеді, тегін кәсіби білім алудың тетіктерін көрсетеді.
Нұрберген Ізгіұлы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің оқытушысы:
- Атыраудан 290 бала бітіріп жатыр «Серпін» бағдарламасы бойынша. Оларды жұмыспен қамтып жатырмыз.
Қазір кәсіптік білім беру саласына, оның ішінде жұмысшы мамандарды даярлауға деген көзқарас өзгеріп, жаңаша талаптар қойылып отыр. Оқу орындары тек білім беріп қоймайды, білік пен дағдыны меңгерген жан-жақты тұлға дайындайды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ